Бұл жайлы Тасқала ауданының әкімі С.Әлиевтің Амангелді ауылдық округіндегі кездесуінде тұрғындар айтты.
Жиналыста аталған округ әкім Қ.Жұмагереев алдағы уақытта атқарылар бірқатар істерге тоқталды. Жиында ауыл тұрғындары «Қазпошта» бөлімшесіне қызметкер керектігін, өйткені зейнетақыларын алу қиынға соғуда екенін айтты.
Сондай-ақ интернет желісін орнату, ауылішілік жолдарына опоканы сапалы төсеу, газ, электр бөлімшелерінде орындықтардың аз екендігін, мал дәрігерінің отыратын орыны жоқтығын айтып, назданды. Малымыз ауырып қалса, мал дәрігерін қайдан іздейтінімізді білмей сенделеміз дейді ауыл халқы. Ауыл тұрғындарының мұңы мұнымен бітпеді. Учаскелік полиция инспекторына көңілдері толмайтынын, оқиғаның болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана әрекет ететінін айтты. Сонымен қатар жөндеуден өткен мәдениет үйіне жаңадан орындықтар керектігін және мектептің спорт залы жөндеуден өткізсе деген ұсыныстарын білдірді.
- «Қазпошта» бөлімшесіне қызметкер алуды ауданға барған соң аталмыш мекеменің басшысымен сөйлесемін. Негізі ол мекеме бізге бағынбайды, алайда бұл мәселені шешу үшін қолдан келгенді жасаймын. Тіпті болмаса облыстағы басшыларына шығамын. Ал интернет желісін өткізу мәселесі әзірге шешілмейді. Оны шешемін деп сіздерге уәде бере алмаймын. Ол тек 2019-2020 жылдары ғана шешімін табады. Енді учаскелік полиция инспекторы ауылда болмаса, аудандағы басшыларына шағымданыңыздар. Учаскелік полиция әрдайым ауылда болуға міндетті. Жөндеуден өткен мәдениет үйіне орындықтар алу мәселесі – өте күрделі. Оны шешемін деп те уәде бере алмаймын. Бірақ алдағы уақытта қарастырамыз. Ал, мектептің спорт залын биыл жөндеуден өткізіп беремін, - деді Санжар Жұматайұлы.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Тасқала ауданы