14 ақпан күні облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданына қарасты Зеленое ауылдық округіне барып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Тұрғындар көптен бері шешімін таппай келе жатқан су мәселесіне қоса, ауыл көшелеріндегі электр шамдарын жаңарту және жол мәселесін қозғады. Өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы проблемалардың алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.
– 4 жылдан бері су мәселесін айтып келеміз. Бұл мәселені шешу үшін арнайы жоба дайындалып жатқанын естідік. «Су – тіршілік көзі» демей ме, ауылымызға орталықтандырылған су құбыры тез арада тартылса деген ниет-тілегіміз бар. Айналамыздағы ауылдардың бәрі сумен қамтылған. Біздің ауыл Орал қаласының іргесінде орналасқан. Су мәселесі шешімін табады деген үміттеміз. Бұдан да басқа мәселелер бар. Бәрі бірден шешілсе екен демейміз, біртіндеп шешімін тапса да, риза болар едік, – деді Зеленое ауылының тұрғыны Тілеген Жұматов.
Ауылдың басқа да тұрғындары облыс әкімінен өздерін толғандырған мәселелерді шешіп беруін сұрады.
– Биыл су құбырын тарту жұмыстарын бастаймыз. Жылдың аяғына дейін жұмысты аяқтауға тырысамыз. Осы жылы қаражат бөлінуі тиіс. Өңірімізде шағын ауылдар көп. Әр отбасының өз бюджеті болатыны секілді, әр облыстың өз бюджеті бар. Жыл сайын 20-30 ауылдық елді мекенге су тартамыз. Бірінші кезекте облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылдық округтерге көңіл бөлінеді. Оларға «водобозбен» су тасып апарған тиімсіз. Бұл ауылда мобильді байланыс та нашар деп естідік. Оны да жақсартамыз, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Марлен Ғилымхан
zhaikpress.kz