Бұл жайлы Зеленов аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Көне мекеннің мәдениеті мен тарихының ескерткіштері» атты ғылыми конференцияда айтылды.
Аталған конференцияға тарих ғылымының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов және жекелеген бөлім, мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.
- Біз Зеленов ауданы аумағын зерттеген кезде 165-тей ескерткіш табылды. Оның ішінде 147-сі археология ескерткіші. Біздің алдымызға қойған мақсатымыз әлі де болса, тарихи ескерткіштерді жарыққа шығару болды. Мен бұл жұмыстарды ойдағыдай атқардық деп ойлаймын. Ең әуелі біз көне тарихқа көңіл аудардық. Бұл - тарихи архелогия. Зеленов ауданынан 150 млн. жыл бұрын өмір сүрген ихтиозавр сүйектері табылды. Сонымен қатар Егіндібұлақ ауылы аумағынан 12 000 жыл бұрын өмір сүрген ежелгі адам қаңқалары кездесті, - деді тарих ғылымының докторы, профессор Мұрат Наурызғалиұлы.
Профессордың айтуынша, орта ғасырдан бұрынғы кезеңдер бойынша елімізде тарихи ескерткіштер өте аз көрінеді. Оған себеп осы кездерде ислам діні келіп, жерлеу рәсімдері орын ала бастауы болып отыр.
Конференция барысында Мұнайдар Балмолданың «Тарихқа тіл бітсе...» атты бейнесюжеті көрсетілді.
Ал аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұржан Дүзбатыров Зеленов ауданында жүргізілген экспедиция туралы мәліметпен таныстырды.
Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!