15.12.2017, 16:17
Оқылды: 53

Зеленов ауданында мал сою бекеті ашылды

Зеленов ауданы Переметный ауылында «Жасыл ауыл» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне тиесілі модульді мал сою бекеті іске қосылды.

Кешеннің ашылу салтанатына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының басшысы Арыстан Арсланбаев,  аудан әкімі Асхат Шахаров және ауыл тұрғындары, округ әкімдері, мәслихат депутаттары мен шаруашылық басшылары  қатысты.

Жеңілдетілген несие арқылы шаруасын дөңгелеткен кәсіп иелеріне үкімет тарапынан қолдау зор. Мемлекеттік қолдаудың нəтижесінде іске асқан жоба кооператив мүшелеріне үлкен мүмкіндік жасауда. "Жасыл ауыл" кооперативі іске қосқан мал сою бекетін кооператив мүшелері ғана емес, аудан тұрғындары да пайдалана алады. Құрылысқа кеткен инвестициялық шығынның жартысы мемлекеттік субсидия есебінен өтелген. Бекет тəулігіне 5-10 бас мал қабылдай алады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында ауыл шаруашылығын ел экономикасының жаңа драйверіне айналдыруды тапсырды. Бұл мақсатта қолға алынған бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін көрсетуде. Шаруалар өндірген ет, сүтке демеуқаржы төлеу қарастырылған. Іске қосылғалы тұрған мал сою бекеті осы бағытта жүргізілген жұмыстың оң нәтижесі. Кооператив жұмысына сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімі Асхат Шахаров.

Мал соям деген адамға ыңғайлы, барар жолы да салған "Жасыл ауыл" ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі мемлекеттік бағдарлама арқылы асыл тұқымды ірі қара малын көбейтуді қолға алған.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Арыстан Арсланбаевтың айтуынша, облыс бойынша аталмыш қордың қолдауымен 1200-ден астам ұсақ шаруашылықты біріктірген 26 кооператив құрылған. Олардың басым көпшілігі ет өндіруді қолға алыпты. Өңір кооперативтерін қолдауға қордан қомақты қаржы бөлінуде. Аталмыш қор іс қылам деген әр шаруаны қолдау мақсатында биыл үш миллиардтан астам қаржы бөлген болса, келер жылы ол қаражат бес миллиардқа дейін өспек. Бұл қордың қаржыландыруы арқылы іске қосылған екінші мал сою бекеті болса, бекеттердің екеуі де біздің Зеленов ауданда ашылып отыр.

Мал союды заман талабына сай іске асырылатын бекеттің ашылу салтанатында еңбек ардагері Қадырбай Абдушев сөз алып, кәсіп иесіне сәттілік тіледі.

          Нұржан Тоғызбайұлы,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале