26.01.2018, 10:53
Оқылды: 54

Зеленов ауданында «Жағдаяттар орталығы» іске қосылмақ

Зеленов ауданының əкімі Асхат Шахаровтың халықпен есептік кездесуі Егіндібұлақ, Зеленый, Шалғай, Железнов ауылдық округтерінде жалғасты. 

Ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген аудан әкімі биылғы жоспардың негізгі басымдықтарына тоқталды.

- Өткен жылы барлық салада көзделген мақсатты индикаторлар орындалды. Ауыл шаруашылығында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Агро саладағы ең басты мақсат - ауыл шаруашылық кооперативтерін құру арқылы сапалы өнімге қол жеткізу. Ауданда бұл бағытта жұмыс қарқынды іске асып, ет,сүт, бау-бақша өнімін өндіруге бағытталған кооперативтер құрылды. Егінді аудан болғандықтан, алқап көлемін ұлғайту, аз шығынмен мол өнім алу технологиясын батыл енгізу, тұқым сапасын жақсарту мақсатындағы жұмыстар ауқымы кеңейіп келеді.

Бірқатар ауыларалық жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту аудан үшін күн тəртібіндегі ең маңызды мəселе. Биыл 7 ауылға су жүргізуге қажетті құжаттар рəсімделді. Қаржы қарастырылған сəтте жұмыс басталады. Ауылдарды газдандыру жайы да солай. Ең бастысы - жобалық құжаттары бар.

Жуырда ауданда «Жағдаяттар орталығы»  іске қосылмақ. Ол жерден əр тұрғын өз ауыл-аймағы бойынша өзекті мəселелерінің шешімі туралы ақпарат алады. Сондай-ақ төтенше жағдайдағы ахуал, ауа-райы бағамы, ауданның тыныс-тіршілігі сол орталыққа топтастырылмақ. Ауданда білім беру ғимараттарын жөндеу, талапқа сай жабдықтау күрделі мəселе күйінде қалып отыр. Бұл мəселелер биылдан бастап шешімін таба бастайды, - деген аудан басшысы есептік кездесулер барысында тұрғындар көтерген сұрақтардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Аталмыш округ əкімдерінің есептік баяндамаларынан соң ауыл үлкендері халықты мазалаған мəселелерді алға тартты. Егіндібұлақта пошта торабының жоқтығы қиындық келтірсе, учаскелік инспектордың жұмысына халықтың көңілі толмайды. Ауыл клубын күрделі жөндеп, таза ауыз су  қажеттігін айтқан тұрғындар жолдың азабында аз тартпағандарын жеткізді. Көтерілген мəселелерді шешу үшін барлық қажетті құжаттардың дайын екендігін жеткізген аудан əкімі жұмыстар рет-ретімен жүзеге асатынын түсіндірді.

Зеленыйлықтарды да жолдың сапасыздығы, мектеп ғимаратының ескіруі, ауылда дəріхананың жоқтығы, Деркөл өзенінен салынған ескі көпірдің қауіпті жағдайы мазалайды. Бұл сұрақтар да биыл мейлінше шешімін таппақ.

Шалғай ауылындағы жұртшылық мектеп жасындағы балаларының инвеньтардың жоқтығынан спорттан алшақтап бара жатқанын айтып, мектепті қажетті құрылғылармен қамтуды сұраса, Железнов округіне қарасты Новенький елді мекеніндегі мектепті жөндеу, балабақша ашу, медпункт салу сияқты мəселер көтерілді.

Барлық ауылда жеке сұрақтары бар тұрғындар жауапты сала басшыларымен тілдесіп, пікір алмасты.

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале