Зеленов ауданында өткен баспасөз мәслихатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерікқали Бисақаев пен аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Есбол Абдулов өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды.
–2016-2017 жылдары рекордтық деңгейде өнім алған болатынбыз. Биыл өсімдік шаруашылығында төмендеу байқалады. Жауын-шашынның аз болуы салдарынан біз өткен жылдардағыдай көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырмыз, - деді Ерікқали Ғұмарұлы.
Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының айтуынша, ауданда бір уақытта 100 бас бұқашық бордақылауға арналған жеті алаң бар. Мәселен, соның бірі Белес ауылында орналасқан «Арыстанов» шаруа қожалығы 100-ден 380 басқа дейін мал бордақылай алады. Бүгінде ангус тұқымды мал өсіретін қожалық 380 ірі қараны өз малы есебінен бордақылауда. Ал қалған қожалықтар бордақылауға бұқашықтарды сатып алған.
Жалпы ауданда 8 ай бойынша ет экспорты – 10 534,5 тонна.
– Ауданда 47776 ірі қара малы бруцеллезге қарсы тексеріліп, 635 малдан аталмыш ауру табылды. Бүгінде ауру малдар мал сою пункттеріне тапсырылды, – деді ветеринария бөлімінің басшысы Есбол Тілекқабылұлы.
Нұрлыбек Қыдырғалиұлы,
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!