Бұл туралы Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тугузбаевтың қатысуымен өткен комиссия отырысында белгілі болды.
- Аудан бойынша 2016 жылы ауқымды төтенше жағдайлар орын алған жоқ, алайда 107 оқиға тіркелді. Мәселен, 2 мәрте оқ дәрінің табылуы, 8 адамның суға батуы, қатты желдің салдарынан Жайық ауылындағы бастауыш мектеп пен 20 тұрғын үйдің және Новенький ауылындағы «Бүлдіршін» бала бақшасы мен 18 тұрғын үйдің шатыры ұшты. Тіркелген 95 өрт оқиғасы бойынша, 4 адам жарақат алып, 2 адам мерт болды. 2015 жылмен салыстырғанда оқиғалардың саны 48 пайызға төмендеп отыр, - деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Талғат Жақыпов.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы пысықталды.
- Су тасқынының алдын алу мақсатында Быковка өзенінде мұз кептелістерін болдырмау үшін жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әр үйге хабарлама таратылды. Хамино ауылындағы Быковка өзенінде жергілікті тұрғындардың күшімен өзен арнасын ағаш пен талдан тазалау, оларды жағаға шығару жұмыстары атқарылуда,- деген Чеботарев ауылы әкімінің міндетін атқарушы Ақбота Тұралиева жанар-жағар майдың да жеткілікті мөлшерде болу қажеттігін айтты.
Ал Макаров ауылының әкімі Нәсіпқали Қуанышев қолда бар техниканың тізімімен таныстырды.
Сондай-ақ аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Амантай Жұмақұлов су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жоспарымен таныстыра отырып, осы бағытта жадынамалардың жасалғандығын жеткізді. Сонымен қатар 1 наурыздағы Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні хақында мәлімет берді.
Комиссия отырысының соңында аудан әкімінің орынбасары тиісті қызметтер мен бірқатар бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.
Айшабибі МӘМЕТ,
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz