Зеленов ауданы орталығында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы жанындағы кезекті алқа отырысы өтті. Оған БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, облыстық қалалық, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшылары қатысты.
Алдымен аудан әкімі Асхат Шахаров:
–Жастар - еліміздің қозғаушы күшінің бірі. Қоғамдық пікірді, қай бағытта жұмыс жасау керектігін атқарушы билікке жастар ғана жеткізе алады. Осындай кездесулер елді, ел жастарын қандай мәселелер толғандыратынын айқындап береді. Ауданда жастар саясатын іске асыруда біраз жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен де барлығы ойдағыдай деп тағы айта алмаймыз. Өйткені кей жастар деструктивті ағымдардың белсенді мүшесі. Сондай-ақ жастар арасындағы жұмыссыздық пен кадр тұрақсыздығы да бар. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен ішкі саясат бөлімі аталған мәселелерді жою бағытында жұмыстарын атқарып келеді.
Жастардың үлкен күш екенін де білеміз ауданда өтіп жатқан әр шараға жастарымыз белсенді қатысып отырады. Өз ойларын айтып ұсыныстарын да ортаға салар жастардың көптігі қуантады. Спорт, мәдениет, бизнес саласында да біраз жас абыройлы іс атқарып жүр,-деп жиын жұмысына сәттілік тілеп, жастар қолған алған берері мол әр жобаны қолдауға дайын екендігін айтты.
Алқа барысында БҚО бойынша жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардың 2018 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес қаңтар-наурыз айларында атқарған жұмыстары мен медиа жоспар мен көрсеткіштер жоспарларының орындалу индикаторлары бойынша Тасқала аудандық ЖРО-ның ақпараттық есебі және 2018 жылдың жазғы маусымында студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жұмысын ұйымдастыру, облыстық және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарының 2018 жылға арналған желілік жоспары мен жұмысқа орналастыру жоспары туралы ақпараттар тыңдалып, талқыланды.
Сондай-ақ 2018 жылғы қаңтар-наурыз айларында облыстық, аудандық ресурстық орталықтарда атқарылған жұмыстарға сараптама жасалып, аудандарда дебат ойындарын дамыту сияқты мәселелер қаралды.
Жиын соңында А.Сакошев алқа барысында айтылған мәселелер шешу мен ұсыныстарды іске асыру жайын жүйелі түрде атқару керектігін айтты.
Өз тілшіміз