Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Зеленов ауданының орталығы Переметное ауылында өткен «Тәуелсіздік - теңдесі жоқ байлығым» атты облыстық ақындар айтысында қаратөбелік жас айтыскер ақын Райымбек Өтепов жүлделі І орынды жеңіп алды.
Бірінші кезеңде оралдық мұғалім Азамат Базарбаевпен айтысқан Райымбек Өтепов аға мен іні арасындағы сыйластықтың тартымды үлгісін көрсете білді. Финалда жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлмен айтысып, жезде мен балдыз ретінде сөз қақтығыстыра отырып, әзілге кезек берілді.
- Айтыс алдында кішкене сырқаттансам да, оған қарамай намысқа тырысып, барымды салдым. Домбыраның дара үнінен шабыт алып, 20 минуттың қалай өткенін де байқамаппын. Қарсыластарымның қай-қайсы да осал болмады. Әрдайым маған жетекшілік етіп, тура жолға бастар ақылшы ұстазым Ертай Сағындықұлына алғысымды білдіремін, - дейді айтыс жеңімпазы Райымбек Бекболатұлы.
Қасетті Қаратөбе өнірінің тектілігін дәлелдеген жас ақынымыз бүгінгі танда Қаратөбе ауданы орталығындағы Мұхит атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы. Қаратөбе балалар шығармашылығы үйі жанындағы «Ақындық әліппесі» үйірмесінен тәлім алады.
Маралбек Амантаев
Қаратөбе ауданы