Қазір суға түсу маусымының қыза бастаған шағы. Жасы да, жасамысы да өзен-көлдерді, су-тоғандарды жағалап жүр. Бұл – аптап ыстықтан саялаудың бір жолы. Бірақ біз қай жерлерде шомылып жүрміз? Бөрлі ауданында арнайы суға шомылу үшін белгіленген орындар бар ма?Бұлай деуге себеп әрине, суға түсу маусымы басталғанда қауіпсіздік ережесін сақтамай, арты қайғымен аяқталып жатқан оқиғалар да кездесетіні белгілі. Сонымен біз жағажайлар жайы төңірегінде әңгіме тарқатсақ дейміз.
Аудан аумағынан Ақжайық, Елек, Шыңғырлау өзендері ағып өтеді. Жаз басталысымен төтенше жағдайлар бөлімі полиция қызметкерлерімен және ауыл әкімдерімен бірлесіп рейдттер жүргізеді.
Өздеріңіз білетіндей, біздің аудан аумағында арнайы бекітілген жағажайлар жоқ. Сонда да болса жаз мезгілінде суға шомылу тоқтаған емес. Оны қадағалау үшін өзіміздің жұмыс жоспарымызға сәйкес тұрғындар арасында суға шомылу және табиғат аясында демалу кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау турасында түсіндірме жұмыстарын тоқтаусыз атқарудамыз. Су айдындарының қауіпті аймақтарына 35 тыйым салу белгісі мен 2 ақпараттық тақта орнатылды.
- Қолданылған барлық шараларға қарамастан, бүгінгі таңда су айдындарында адам өлімінің 1 фактісі тіркелді. 2021 жылдың шомылу маусымында суға шомылу кезінде 5 адам қайтыс болды, оның ішінде 3-еуі кішкентай бала екені өкінішті. Дегенмен, биыл өткен жылмен салыстырғанда, ересек адам өлімі 80 пайызға, балалар өлімі 60 пайызға азайған. Әрине алдымен жауапкершілік әр адамның өзінде екенін ұмытпаған жөн,- дейді аудандық төтенше жағдайлар қызметі бөлімінің бас маманы Әлима Идалиева.
Жағажай ашылмақ
Шындығы сол, өндірісі мен құрылысы қатар қарқын алып, еңбек қайнап жатқан Бөрлі ауданында бір де бір тіркелген арнайы жағажай жоқ екен. Жауапты мекемелерге сауал жолдағанымызда «Арнайы жағажайлар жоқ. Әзірге тек бір кәсіпкер қолға алмақ болып жұмыстануда» деген жауап алдық. Ол – «Батыс Өндіріс - Құрылыс Сервисі» ЖШС екен. (Бұдан әрі БӨҚС) Ашық тендер кезінде Аралтал ауылының маңында Шыңғырлау өзенінің (бұрынғы Утва) жағасында демалыс аймағын, туризмді және жағажайды орналастыру бойынша тендерді жеңіп алған. Қазіргі уақытта аумақта әлеуметтік клиенттер мен ұйымдар үшін ғимараттар салу және мектеп оқушыларына арналған демалыс лагерлері бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Өзен арнасы қамыстың қалыңдығынан тазартылып, жағалауы реттеліп, аумағы тегістеліп, құм толтырылып әкімшілік ғимараттар салынып жатыр. 34 шаршы метрді қамтитын аумақта жазда ашық бассейндер, т.б. салынса, қыста шаңғы тебуге арналған сырғанақтар болады.
- Жұмыс әлі де жүруде. Дегенмен көбі бітіп, азы қалды. Ойдағыдай аяқталып жатса осы айда жағажайды ашып, қолданысқа беріп, байқау жүргізсек пе дейміз. Облыстан ТЖБ мамандары келіп, судың астын тексерді. Негізінен су астындағы қауіпті заттарды тазалау жұмыстары толықтай жүрген болатын. Мамандар да «су астында айтарлықтай қауіп жоқ» деді. Ендігі мәселе құтқарушылар, медицина қызметкері, тазалықшы т.б мамандарды тауып, жұмысқа орналастыру. Мамандардың өзін өзенге жақын ауыл Аралтал ауылынан қарастырудамыз. Бұл жағы да көп кешікпей шешіледі деп ойлаймыз,- дейді БӨҚС ЖШС өкілі Қайрат Дарханов.
Жасырын жағажай
Сонымен болашақта Ақсай қаласында бір арнайы жағажай болады деп есептейік. Әрі қарай елдің бәрі «Дача» атап, жиі барып шомылып, демалатын Березовка ауылының жанындағы жағажай жайын білмекке ұмтылдық. Бірақ сол жердегі шаруа қожалық иесі, су жағасы болғанымен арнайы рұқсат берілмегеннен кейін, бүгінде суға түсуге болмайтындығын, тек мал жайылымы мен суарылымы үшін пайдаланып отырғандағын айтып қысқа қайырды.
Рұқсат берілмеуінің себебін жауапты мамандар, осыдан бірнеше жыл бұрын Березовка ауылы тұрғындарға одан әрі қоныстануларына қолайсыздық тудырғандықтан, Ақсай қаласына көшірілгендігін, сол жайттан кейін оның қалай демалыс орынына айналуы мүмкін дегенді айтты.
Бірақ көпшіліктің сөзіне сүйенсек, қауіпті елеп жатқан ешкім жоқ, керісінше сәтті демалыстарын сонда өткізіп жүргенге ұқсайды. Суға түсушілерге барлық жағдай жасалған бұл «жасырын жағалаудың» қадағалануы кімнің құзіретінде екенін біле алмадық. Одан қалды тұрғындар рұқсат етілмесе де Шыңғырлау өзені жағалауына және Бумакөл ауылындағы Бума көліне барып шомылады. Бума көлі негізінен аталған ауылдағы «Жас туристер стансиясы», яғни туризм орталығына тиесілі. Онда жаз бойы балаларға ұйымдастырылған лагерьге барушылар мамандардың бақылауымен қайықпен серуендеп, демалыс ұйымдастырады.
P/S: Қысқасы аумағы 5 556 мың шаршы метр алаңды алып жатқан, 55 мың халқы бар Ақсай қаласында бір арнайы белгіленген жағажай жоқ. Иә, алдағы уақытта бір жағажай болады деп есептеп отырмыз дейік. Бірақ ол аздық етпей ме? Барлығы бірдей сол бір жағажайға бара бермейтіні тағы белгілі ғой. Қайтадан «жабайы» жағажайларды жағалап жүруі әбден мүмкін.
Өндірісті қала болған соң, тұрғылықты халық арасында жастар жағы басым. Бір заманауи, арнайы рұқсаты бар жағажайдың керегі шын. Дәрігері, судан құтқарушысы, тәртіп пен тазалықты қадағалаушысы бар арнайы орын болса дейсің. Бір емес, бірнешеуі болса дегелі де біраз болды. Осындай ұсынысты жыл сайын шомылу маусымында жаза бастаймыз да, су суығасын, қайтып жаз келмейтіндей ұмытыла бастайды. Бұл ұсыныс. Ұсынысты жоспарға енгізуді ойластыратын бір басшы, не жаны жомарт кәсіпкер табылса нұр үстіне нұр болар еді. Менің жағажай жағалағанда түйгенім осы. Сіз жағажай жағалап көрдіңіз бе? Жалпы, қайда барып суға шомылып жүрсіз?
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz