18.03.2024, 14:46
Оқылды: 37

Жағдай жіті бақылауда

Казталов ауданы бойынша соңғы тәулікте ауа райының күрт жылынуы байқалуда. Ауа температурасы 0°-тан жоғары болып тұр. Бұл қар мен мұздың тез еріп, тасқын суға әкеліп соқтыруы мүмкін. Нәтижесінде кейбір елді мекендерде қар суы көшелерді, үйлердің ауласын толтырып, су басудың алдын алу мақсатында оны жыру, су сорғыларымен сору жұмыстары жүруде.

IMG-20240318-WA0045

Атап айтар болсақ, көшелер мен тұрғын үйлерді су басу қаупі бар аудан орталығында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының ұжымы, ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтар күні-түні аянбай еңбек етіп жатыр.

Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дархан Жалиевтің айтуынша, Казталов ауылындағы су басу қаупі басым С.Садықов, Д.Нүпейісова, С.Датұлы, Құрманғазы көшелерінде су сору жұмыстары жүргізілуде.

- Көше бойындағы барлық арықтар мен жылғалар тазартылуда. Қардың суына қатысты жеке тұрғындардың өтініші бойынша дер кезінде қимылдап, олардың ауласына жиналған суды жыруға және айдауға көмек беріп жатырмыз. Барлық жұмыстарға аудан орталығындағы өрт сөндіру бөлімінің, округ әкімі аппаратының қызметкерлері мен ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтар жұмылдырылуда. Бұл жұмыстарға ветстанция мен әкімдіктің көліктері және 3 дана су сорғысын пайдаланып жатырмыз. Әзірге жағдай жіті назарда. Бірақ, су басып қалатын көшелер де жоқ емес. Әсіресе, арғы беттегі Қ.Имашев, Луманов көшелерін бақылауда ұстап отырмыз, - деді Дархан Жалиев.

Расында халықты қызыл судан сақтаудағы жігіттердің еңбегі зор. Тек жоғарыдан келетін тасқын судан сақтап, олардың еңбегі еш болмасын делік!

IMG-20240318-WA0035

Қайрат Жақып, 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале