«Жалтыркөл» мемлекеттік зоологиялық қаумалының тарихи-мәдени нысандарына Жаңақала ауылы мен Жалтыркөл көлі жатады. Орыстың ұлы жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Михайл Шолохов көзі тірісінде Ақ Жайық өңіріне жиі келіп, Жайық өзенінің жағалауында, Шалқар көлінде, сонымен қатар Жалтыркөл көлінің жағасында айлап демалып, шығармаларын жазған көрінеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын Жалтыркөлдің табаны жүректей тілімденіп, кеуіп жатушы еді. Бүгінде тіршілік көзі қайта жанданып, қойнауы суға толды.
Алдымен «қаумал» ұғымының мәніне тоқталсақ. Бекітілген анықтамаға сүйенсек, мемлекеттік табиғи қаумал – мемлекеттік табиғиқорық қорының бір немесе бірнеше нысанын сақтауға және молықтыруға арналған шаруашылық қызметтің тапсырыстық режімі немесе реттелмелі режімі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
Қазақстан қаумалдары зоологиялық қаумалдар, ботаникалық қаумалдар, кешенді қаумалдар, жергілікті маңызы бар қаумалдар болып төртке бөлінеді.
Бүгін Жаңақала ауданында орналасқан «Жалтыркөл» мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы мәселесін қозғағалы отырмыз. «Жалтыркөл» қаумалының аумағына Бірлік, С. Меңдешев, Жаңақала, Көпжасар ауылдық округтері аумағының белгілі бөлігі кіреді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағында.
Қаумал туралы не білеміз?
«Жалтыркөл» қорықшасы 1967 жылы құрылып, 1977 жылы таратылып жіберілген. 1986 жылы Қазақстан министрлер кеңесінің қаулысы бойынша республикалық мәні бар зоологиялық қорықша болып қайта құрылған. Қорықша Көпжасар ауылының солтүстігінде Жайық өзеніне жақын жатқан тұйық көл – Жалтыркөлдің атымен аталады. Аумағы – 19 000 га.
Қорықша жеріне Көшім өзенінің жоғары ағысы, Жалтыркөл жағалаулары кіреді. 2022 жылы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-ға қарасты республикалық маңыздағы «Жалтыркөл» қаумалы тапсыруқадағалау актісі негізінде «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-ға берілген. Қаумалдың негізгі мақсаты – табиғи экожүйелерді сақтау мен қорғау. Сол үшін бақылау бөлімінен арнайы инспектор мен техника бөлінген.
Ерекше қорғалатын аумақта сүтқоректілерден қабан, қасқыр, түлкі, қарсақ, ор қоян, күзен, борсық, су тышқаны кездессе, құстардан шіл, қоңыр қаз, боз үйрек, сонымен қатар «Қызыл кітапқа» енген бұйра бірқазан, тарғақ, ақбас тырна, қалбағай (жалбағай), дала қыраны, безгелдек құстары тіршілік етеді деп көрсетілген.
«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-ның берген ақпаратына сәйкес, сүтқоректілерді есепке алу динамикасы бойынша қазіргі кезде ор қоян саны 56,6%-ға, қарсақ саны 55,6%-ға, 45,7%-ға, қабан саны 38,0%-ға, қасқыр саны 89%-ға артқан. Ал құстардың саны фенологиялық құбылыстарға байланысты. Тарқатып айтар болсақ, температураға байланысты көктемде күннің ерте немесе кеш жылынуы, күзде күннің ерте немесе кеш салқындауы құстардың миграциялық циклдеріне ықпал етеді. Сонымен қатар ерте ұя салуы, азығының молдығы немесе аздығы құстардың санына әсер етпей қоймайды. «Бөкейорда» МТР» РММ-ның мәліметінше, резерватқа берілген уақытын ескергенде «Қызыл кітапқа» енген құстарды есепке алу үшін әлі де уақыт керек. Жалтыркөлдің су келмей құрғап, кеуіп қалған кездері болды. Сондықтан қазір қаумал аумағында «Қызыл кітапқа» енген құстардың, жабайы жануарлардың бар-жоғы қайта зерделеп, зерттеуді қажет етеді.
2024 жылы мамыр айында тағайындалған Жаңақала тірек пунктінің мемлекеттік инспекторы Нұрсұлтан Аяпбергеновтің сөзінше, «Жалтыркөл» қаумалы аумағының ерекше қорғалатын аумаққа жататынын білмейтіндер де бар. «Қаумал аумағынан қамыс шапқандарға, балық және аң аулағандарға айыппұл салынады. Тұрғындар арасында қаумал (қорықша) туралы түсінік жұмысын жүргізудің маңызы зор», – деді ол. Сондықтан «Жалтыркөл» зоологиялық қаумалында тыйым салынған іс-әрекеттерді атап өтуді жөн көрдік. Қаумал аумағында:
- табиғи кешендерді сақтауға қатер төндіретін шаруашылық қызметке;
- гидрологиялық режімнің өзгеруіне байланысты жұмыс жүргізуге;
- зиянкестерге, өсімдіктер мен жануарлардың ауруына қарсы химиялық әдістер және миниралдық тыңайтқыштар қолдануға;
- көлікпен жолдан тыс жерлермен жүруге;
- жасанды ушуға, выбрациялық және сейсмикалық әсерлерге;
- тұрмыстық, өндірістік, құрылыс қалдықтарының қоймасын орналастыруға;
- топырақты және ашық су көздерін ластауға;
- пайдалы және кең тараған пайдалы қазбаларды өндіруге;
- қураған шөптер, сүректер, қамыстар, құрақтар, сабан және басқа өсімдік қалдықтарын өртеуге (қаумалмен жанаса орналасқан аумақтарда да);
- көктем, жаз мезгілдерінде өсімдіктердің гүлдеп, тұқым беруі және жануарлар мен құстар төлдерінің өсіп-өнуі және жетілуі уақытында малды жаюға және шөпті дайындауға;
- аң және балық аулауға, кез келген тәсілдермен және құралдармен жабайы жануарларды олжалауға;
- сүт қоректілердің індерін, апандарын және басқа да мекендеу орындарын бұзуға және қазуға;
- құстардың ұяларын бұзуға және олардың жұмыртқаларын жинауға;
- өсімдіктер мен жануарладың бөтен түрлерін жерсіндіруге тыйым салынады.
Халыққа да қамыс керек
Қазіргі кезде қаумалдан халық сұранысына сай қамыс шабу мәселесі туындап отыр. Қаумалдан қамыс шабу экология мен табиғат қорғау тұрғысынан өте маңызды. Қамыс – экожүйенің бір бөлігі, мөлшерден тыс қамыс шабу көптеген биологиялық үрдіске зиян келтіруі мүмкін.
Бұл ретте біз жауапты мекеме – «Бөкейорда» резерватынан «Жалтыркөл» қаумалы аумағындағы қалың қамыстың су жүйесіне кедергі болмауы үшін қандай шаралар қолданып жатқанын сұрадық. Олардың сөзінше, қамысты техникалық жолмен реттеу, яғни механикалық әдіспен шабу немесе қамыстан тазалайтын арнайы техника қолдану жөнінде іс-шаралар жоспары құрылған. Бұл шаралардың нақты нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз.
Біздің айтпағымыз, біріншіден, қамыс жинаудың заңды тәртібін анықтау қажет. Қамыс шабуға тыйым салынған жерлерде табиғатты қорғау мен экологиялық теңдік сақталуы керек. Бірақ халыққа қажет қамыс жеткізілуі үшін, заңды түрде қамыс жинауға арнайы рұқсат пен тәртіп болуға тиіс. Құзырлы құрылымдар халықтың қамысқа деген қажеттілігін ескеріп, оны заңды түрде жинауды реттесе, шешімін табар еді. Қамыс шабуға арнайы рұқсат беру жүйесін енгізу – табиғатты қорғау мен халық қажеттілігін үйлестіруге көмектеседі. Қамыс шабу үшін экологиялық талаптарды сақтау керек.
Екіншіден, арнайы қамыс өсіруге қажеттілік көріп отырғанымыз жоқ. Керісінше, қамыстың көптігі су жүру процесіне кері әсері болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар қалың қамыс басқан жүздеген шақырымға созылып жатқан су арналарын тазалау қиынға соғатыны белгілі. Осы жағдайды ескере келе, ғалымдардың қамыспен табиғи жолмен күресу мақсатында ақ амур балығын жерсіндіріп, жетістікке жеткенін айта аламыз. Ақ амур балығы қоға, қамыс сияқты қатты су өсімдіктерімен қоректенетіндіктен, су арнасын қамыстан тазалауға оң әсер еткен.
Үшіншіден, қамыс қорын пайдалану және экологиялық балансты сақтау маңызды. Жиналатын қамыстың көлемін бақылау қажет. Оны шабудың орнына табиғи қорды сақтап қалу үшін қайта қалпына келтіруге назар аудару керек. Қамыс қорын пайдалану бойынша арнайы экологиялық нормалар мен квоталарды енгізу қажеттілігі туындайды. Қамыс шабуға керекті экологиялық зерттеулер жүргізу және осыған негізделген нақты шешімдер қабылдау қажет. Қамыс бір айда бір метр өсетінін ескерсек, экологиялық мәселе туындамауы керек.
Төртіншіден, жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын қолға алу. Жергілікті халыққа қамыс жинау қажеттілігі мен экологиялық сақтықты қалай үйлестіруге болатынын түсіндіру қажет. Бұл үшін жергілікті деңгейде экологиялық білім беру мен табиғат қорғауға қатысты шаралар ұйымдастыру тиімді. Қамыс жинаудың экологиялық зардаптары мен пайдасы туралы ақпарат жете түсіндірілсе, халықтың экологиялық мәдениеті артып, қоршаған ортаға көзқарасы өзгереді деген ойдамыз.
Алдағы уақытта қамыс шабуға заңды рұқсат алған жағдайда аудан халқына өндіріс ашу мақсатында пайдаға асыруға болады. Мәселен, қызылордалық кәсіпкер әйел Венера Тайлақбаева қамысты Еуропаның алты еліне экспортқа шығарып жүр. Ал біздің ауданның бар қамысты пайдалана алмай отырғанын көзіміз көріп отыр. Қағаз, картон қағаз, А4 қағаз, USB құрылыс материалы, т. б. тұрмысқа қажетті заттар шығаратын цехтар ашу жаңақалалықтар үшін таптырмас кәсіп көзі болары анық.
Қамыс ылғалға төзімді, экологиялық таза материал болғандықтан, ыстықтан да, суықтан да сақтайтын қасиеті бар. Қамыс әлі зерттеуді қажет етеді. Атакәсіп – мал шаруашылығын қанша жақсы көріп дамытсақ та, жер тапшылығын сезіп отырмыз. Сондықтан өндіріс орындарын ашу – күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Ақболат Сапаров:
– Мен 2011 жылдың қазан айынан бастап 2023 жылға дейін «Жалтыркөлде» инспектор, аға инспектор қызметін атқардым. Мен жұмысқа орналасқан кезде қаумал Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының иелігінде болды. 2015 жылы «Жалтыркөл» мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының табиғи кешенді қорғау, өсімін молайту және табиғатты пайдалану бөлімі меншігіне берілді. Алғашында қаумалдың барлық шеткі нүктесін көлікпен 200 шақырым жол жүріп аралап, танысып шықтым. Жалтыркөлдің байлығы – аңдары мен құстары. «Қызыл кітапқа» енген құстар да бар. Қыста балықтарға ауа жеткізу мақсатында ойық ою маңызды. Рұқсатпен балық аулайтындардың ойықтарға қамыс салып кетуін қадағаладым. Қаумал аумағының төңірегінде мал ұстайтын 15-20 шаруашылық пен легализация кезінде үйін жекешелендіріп алған шаруа қожалықтары да бар. Біз алдағы уақытта қаумал аумағын заңға сай пайдалануымыз керек.
Ербол Төлеуғалиев, «Қазсушар» РМК Жаңақала пайдалану учаскесінің басшысы:
– Осыдан 4-5 жыл бұрын Жалтыркөлге су аз келді. Қазір су ойдағыдай келуде. Былтыр Қамыс-Самар көлдеріне су молынан келді. Бүгінде ауданымызға су кедергісіз келу үшін жұмыстар басталып, Көшім өзенінің төменгі сағасының екі шақырымдық арнасы қамыс, қоғадан тазалануда. Арнаны тазалау үшін «ҚазСуШар» мекемесіне қарасты екі экскаватор жұмылдырылды. Көшім өзенінің төменгі сағасының арнасын тазалау арқылы Жалтыркөл, Орысқопа көлдері суға толды. Алдағы уақытта Бірқазан, Қазыбай - 1, Қазыбай - 2, Салтанат, Көктерек көлдеріне су жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар су арнасының тазалануы көктемгі су тасқынының алдын алады. Халықтың сұранысына сай қамыс шабуға қаумалдан рұқсат берсе, халыққа пайда және бізге де жақсы болар еді.
Әлихан Досмұхамбет, қоғам белсендісі:
– Менің мамандығым – география пәнінің мұғалімі. Сондықтан табиғат аясына жиі шығамын, соның ішінде Жалтыркөл қорықшасына үнемі барып, құстарды тамашалаймын. Қаумал ауданымыздың флора мен фаунасын қорғауда үлкен рөл атқарады. Аңы, құсы, жері, өсімдігі, суы, балығы мемлекеттің қорғауында болғасын, оны күтіп ұстау жағы да өз деңгейінде, біз ойлағандай болуы керек. Жыл сайын байқайтыным, қалың қамыстың су жүру жолдарына кедергі келтірілуде. Құзырлы құрылымдар осы жағдайға көңіл бөлсе дейміз. Қамыстың тез өсетін өсімдік екенін білеміз. Ну қамысты шаруашылыққа пайдалану жағын әлі ойластырмадық.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы