Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Республикалық ақпараттық топтың мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Снежана Имашеваның ауылдық округ әкімдерімен, тұрғындармен, еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесуі өтті. Шарада аудан әкімі Әділ Жоламанов, БҚО электр желілерін таратушы компаниясы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Қуат Мусин болды.
– Елбасының Жолдауын, сонымен қатар мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу туралы Үндеуін халыққа ұғындыру мақсатында Республикалық ақпараттық топ мүшелері еліміздің жер-жерінде жұмыс жүргізуде.
Халық қалаулысы Снежана Имашева Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының стратегиялық бес басымдығының мазмұнын, соған байланысты алға қойылған міндеттерді саралады. «Ел экономикасы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Елбасымыз ұсынып берген басым бағыттарды алға ұстап, жемісті жұмыс жасауымыз керек. Жаһандық деңгейдегі стратегиялық құжат – елдің жарқын тағдырының бастамасы. Қазақстанның әрбір азаматы оның жүзеге асуы үшін жауапкершілікті сезініп, ел ісіне үлес қосуы керек»,-деді. Мәжіліс депутаты елімізде экономиканы қарқынды түрде технологиялық жаңғырту, дәстүрлі негізгі салаларды дамыту, еңбек нарығын жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капиталдың сапасын көтеру жайында әңгімеледі.
Жүздесуде сөз алғандар елдің бүгіні мен ертеңі үшін аса маңызды құжаттарды қолдайтындықтарын айтты. Ұсыныстар да болды. Мәдениет қызметкері Сағынтай Бисенғалиев «Өзге тілді меңгеру әрине, өте жөн. Бірақ бала бастауыш сыныпты бітіргенге дейін ана тілінде сөйлегені жөн емес пе. Осы жағын ойластыру керек-ау»,- деді. «Әсем» шаруа қожалығының жетекшісі Нұқ Қайыров елімізде біраз жерде ірі ет комбинаттары салынуда. Бірақ, нәтижесіз жұмыс жасап, бос қаңырап қалып жатқандары бар. Бұл ақшаны далаға шашу емес пе? Осындай нысандарды шағындап салса қайтеді»,-деп, өзін мазалаған бір түйінді ортаға салды.
Үшінші жаңғыруға бастайтын мақсат-межелер туралы аудан әкімі Әділ Жоламанов өзінің ой-толғамдарын айтты.
Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы