25.06.2022, 11:00
Оқылды: 69

Жаһанша мұрасы дәріптелді

Қаратөбе ауданында Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толуына орай, «Жаһанша Досмұхамедов – Тәуелсіздік жаршысы» атты облыстық конференция ұйымдастырылды.
2684B06F-AD9F-4DFF-A986-F28D23FC4635

Ең алдымен ауданға конференция жұмыстарына арнайы келген меймандарды аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы бастаған топ ерекше ықыласпен қарсылады. Ауданымызға келген меймандар қатарында Алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаһанша Досмұхаметов  атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменова, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова, «Дала көкжалы» кітабының авторы, белгілі журналист Мұнайдар Балмолда, тарих магистрі, Алаштанушы Надия Жастлек және аудандық кітапханалардың директорлары мен кітапханашы, тарихшылар бар.

Ауданға келген меймандар «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөңдеуден өткен, заманауи талаптарға сай жабдықталған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде болып, кітап қорымен және оқырман залдарымен танысып өтті. Одан кейін ауданымызда келбеті көз тартатын нысандардың бірі, Алаш және Қайыржан Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейі жанында орналасқан, кезінде «Қаратөбе сиезі» өткен «Алаш» саябағына гүл шоқтарын қойды.

3E897F9C-6479-4A11-B04E-022C6BF4F7FE

Алаш және белгілі өлкетанушы жерлес ағамыз Қайыржан Хасановтың музейін аралаған меймандар Алашордалықтардың тарихымен және сол кездегі ең алғаш жиын өткен мешіт ғимаратының макеті, сонымен қатар Алаш қайраткерлері жиынға мініп барған көліктің макетімен танысты. Сондай-ақ Қайыржан Хасановтың жеке-дара кітапханасы және өлшеулі ғұмырында елге сіңірген еңбектері жайында тың деректермен сусындады.

Ауданымызда жоғары деңгейде өткен облыстық конференция жұмысын аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы алғы сөзбен ашты. Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Бүгінгі конференция жиынының осы жерде өткізілуі де құр емес. Бұл жерде Алашордашылардың ізі бар. Олардың қатарында бүгінде туғанына 135 жыл толып отырған Жаһанша Досмұхамедұлының да өмір жолдары жатқандығы жасырын емес. Біз әркез жас буынға елі мен жері үшін, тәуелсіздігінің баянды болуы үшін қажыр-қайратымен өз еңбегін сіңірген осындай тұлғалардың тарихи болмысын кейінгі ұрпаққа жеткізу міндеттіміз,- деді.

Кезегінде сөз сөйлеген Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова облыстық деңгейде өткізіліп отырған конференция жұмыстарына сәттілік тілеп, осы шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып отырған аудан басшыларына алғысын жеткізді.

4E525E3D-E959-4E11-BF10-0F2B9BFE7B93

Конференция жұмысында Жаһанша Досмұхаметов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменова «Жаһанша Досмұхамедовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» туралы, Сырым ауданы орталығындағы Жаһанша Досмұхаметов атындағы мектеп-бөбекжай балабақша кешенінің тарих пәнінің мұғалімі Әсел Дәндібаева «Батыс Алаш Орда үкіметі мен Алаш қайраткерлері» тақырыбында, Қаратөбе мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Алмажан Жұмағалиева «Жаһанша Досмұхамбетовтің саяси көзқарасының шыңдалу кезеңдері» тақырыбында, Қаратөбе мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Қанат Досқазиев «Еліміздің тәуелсіздігіне жол салған Алашордалықтар» тақырыбында баяндама жасаса  «Дала көкжалы» кітабының авторы, ақын, журналист Мұнайдар Балмолда Жаһанша Досмұхаметовтің өмір жолынан сыр шертетін танымдық тың ақпараттармен бөлісті.

Конференция аясында жиынның қарар жобасы оқылды. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Карелұлы сөз алып, конференция жұмыстарына атсалысқан спикерлерге аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің атынан алғыс хаттарды табыс етті.

Облыс орталығынан келген мейман Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова да аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдістемелік-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Машироваға кітапхана саласында атқарған қажырлы еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапаттады.   

Конференция жұмысының екінші бөлігі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Болашаққа кітаппен бірге: облыс кітапханаларындағы балалардың кітап оқу мәдениетін жетілдірудің тиімді жолдары мен шешімдері» және «Кітапханалық блогтар кәсіби қарым-қатынас алаңы» тақырыбындағы пленарлық отырыспен өз жалғасын тапты.

 

Әмірбек Жәнібеков,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале