21.05.2025, 15:45
Оқылды: 435

Жайық жағасындағы Жарсуат

Кеңес үкіметінің орнап, ұжымдастыру дәуірінің басталуы біздің ауданда 1928-1930 жылдарға келді. Солардың бірі - кешегі «Победа», бүгінгі Жарсуат ауылы. Табиғаты тамаша, жері құнарлы ауылдың адамдары сәйкесінше өте еңбекқор. Аудан тарихының қай кезеңінде борлмасын, қай шаруада борлмасын шаруашылықтың өзге ауылдардан аты озып тұрған. 

WhatsApp Image 2025-05-19 at 19.19.03

«Победа» ұжымдық шаруашылығы 1929 жылы пайда болды. Ал Қарашығанақ ауылы бұрын «Қызыл үй» деп аталған. Әрине, алғашқы жылдары қиын болғаны белгілі. Ұжымшарда  14 жылқы және төрт-ақ сиыр болған деген мәлімет бар.  1931 жылы бірінші рет мемлекеттің көмегімен 100 га жерге қолмен егін себілді. 1933 жылдың күзінде Қарашығанақта тракторшылар курсы ашылған.   Осы мектепті «Димитрово» ұжымшарының бірінші басқармасы, кейін Білім министрі болған  К.Айманов бітірген.  1940 жылы ауылда 70 үй, ал ұжымдық шаруашылықта 165 адам жұмыс істеді. 1000 га жері болды, жақсы өнім ала бастады. 120 ірі қара, 40 шошқа, 500 қой болған екен.  Мария Носкова, Сұлушаш Жарманова, Раушан Батаева, Мүгулсин Раскулова,  Инкар Казбалиева, Ульяна Ганжа, Мария Воробьева, Жұпар Губайдулина, Наталья Свириденко, Окся Казакова - ұжымшардың алғашқы сауыншыларының аттары. Ұжымшардың алғашқы төрағасы коммунист Андрей Сопов болған. Алғашқы жылдары ұжымшар үкіметтен 20, келесі жылы 30 сиыр алды. 1933 жылы ұжымшарда звеномен жұмыс жасау тәсілі пайда болды. Алғашқы звеношылардың аттары - Анна Яковлева, Федосья Колощенко, Анна Колодяжная, Евдокия Развина.

WhatsApp Image 2025-05-19 at 19.19.46

Ауылда МТС ашылып, оның алғашқы директоры болып Аверин тағайындалған, кейін Николай Прусаков басшы болып көп жыл жұмыс істеген. Бұл МТС көршілес ауылдардың бәріне техникалық қызмет көрсеткен.  1929 жыл мен 1939 жылдар арасында ұжымшарда біраз төраға ауысқан. Олар: М.Казаков, Свириденко, Удербаев, Киреев, Н.Кириенко, А.Воронин, Бабенко, Немченко және т.б. 1940 жылы ұжымшарда 165 адам жұмыс істеген, оның еншісінде 1000 га жер болған. Оның 700 гектарына егін егілген. Сол жылы ұжымшар есебінде 120 ірі қара, 40 шошқа, 500 қой болған. Ал 1940-1943 жылдары ұжымшарды Иван Кириенко басқарған.

Жарсуат ауылы (3)

1950 жылы үш шаруашылық бірігіп, «Победа» ұжымшарын құрды. Ал Димитров пен Қарашығанақ олардың бөлімшесі болып қалады.  Бұл кезде шаруашылықтың еншісінде 2,5 мың га егістік алқабы болған, кейін 16 мың гектарға жеткен. Ал  фермаларда 500 бас ірі қара болған. Сондай ақ, 40 трактор, 20 тіркемелі комбайн, 12 автокөлік алған. «Победаға»  1957ж. Григорий Охотный басқарма болып сайланды. Осы қызметті ол 17 жыл табан аудармай атқарды. Ол басқарған уақыт аралығында ұжымшарда 2300 ірі қара, 2400 шошқа, 6500 құс болды. 105 трактор, 55 үлкен автомашина, 50 комбайн жұмыс істеді.  14 000 га жерге дәнді дақылдар екті. Егіс, дәнді дақылдар шаруашылықтың пайда әкелетін өніміне айналды. Шаруашылық жыл сайын үлкейе берді.  Осы жерде Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Григорий Охотный турасында көбірек айтқан жөн болар. Г.Охотный - «1941-1945 жылдардағы адал еңбегі үшін» және «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының,  «ХШЖК» (ВДНХ) күміс медалінің иегері.

Жарсуат ауылы (2)

Бұл кездерден комбайншы Александар Орловтың, тракторшы Павел Красновтың есімі ел есінде қалған. Сондай-ақ, бас агороном Н.Пугачев, партия ұйымының хатшысы А.Оразовтың аты ауыл тарихында жақсы лебізбен жазылған.  Сонымен қатар трактор бригадасының бригадирлері В.Христич, Н.Полтавченко, Б.Кинеев, Н.Марченко, Ф.Тухватуллиннің еселі еңбегі  ұжымшар тарихында жазылып қалды. Бас зоотехник Н.Фисун, бас мал дәрігері Н.Ким, бас инженер М.Борников, бас прораб З.Смиронова, партия ұйымының хатшысы А.Оразов, бас бухгалтер  Г.Карпий, бас агроном В.Котурай,  ферма меңгерушілері С.Левченко, Г.Карпий, Г.Шарапов, Г.Литвин ұжымшардың өркендеуіне үлкен үлес қосқан. 1979 жылы «Победа» ұжымшары «миллионер» атанды.

Жарсуат ауылы (1)

Тың игеру жылдарында ұжымшарға өзге республикалардан 30 шақты кісі келген. Тың жерге алғашқы күрек салу бақыты жергілікті механизаторларға бұйырған.  С.Кунусовтың аты-жөні алғашқы трактор бригадасының бригадирі, кейіннен МТС бастығы ретінде есте қалған. С.Кунусовпен бірге Б.Кинеев, С.Жыршыбаев, т.б. алғашқы тың игерушілер өнімді еңбек еткен. Сонымен бірге тракторист қыздар Н.Кишкелева, М.Стрельченко, З.Цигульская, Ж.Киреева, К.Актубаева, М.Жидкова үнемі үздіктер қатарынан көрінген.

Көп ұзамай қысқы мал азығын дайындайтын бригада құрылып, оны Р.Паштай  басқарған.  Осы жерде тракторист, комбайнер болып еңбек жолын бастаған  Владимир Кириенко туралы айтып кетуге болады. Ол ерен еңбегі үшін әуелі Ленин орденін алды. Ал 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды.   Сонымен бірге А.Самосудованың  озат еңбегі еленіп, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ал еңбек озаты К.Мұқанова аудандық партия комитетінің мүшесі болған. Осы жерде Нариман Алиев  туралы айта кеткен жөн. Нариман Ғұсманұлы - айтулы механизатор, үлгілі еңбегі  үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің, «Еңбек ардагері» медалінің  иегері Василий Каленюктің де еңбегі орасан.  Еселі еңбек етіп, көптеген алғысхат, ХШЖК медаліне ие болғандар қатарында жүгері өсірушілер Ф.Альбаев, И.Каламин, комбайншылар А.Абдула, Е.Жабалбаев, П.Чарченко, мал өсірушілер Е.Воробьева, Ж.Муканова, Р.Ганжа, Ж.Жунасова, Ф.Бакиева, Ф.Зимин, П.Кириенко, С.Оразов бар.

Жарсуат ауылы (4)

Ұжымшарда үш жем-шөп өңдеу цехы, соның ішінде витаминді ұн өңдеу цехы да жұмыс істеген. Бұл жерде инженер-электрик В.Пастухов пен Н.Погореловтың еңбектері орасан. Облыстағы ең алғашқы кірпіш зауытының осы Жарсуат ауылында салынуы да жергілікті тұрғындар үшін үлкен мақтаныш. Ол зауытта 25 адам жұмыс істеген. В.Чехов басқарған кірпіш зауытында 1 миллионға дейін күйген кірпіш шығарып отырған. Бұдан басқа ауылда темір ұстаханасы, ағаш ұстаханасы өнімді қызмет еткен.

Бүгінде Жарсуат - екі жеке шаруашылық, алты шаруа қожалығы бар, Асқар Өтилиев басқарып отырған бақуатты ауыл. Шаруашылықтар ішінде өнімді жұмыс істеп жатқан Өмірзақ Жоламан басқаратын «Жарсуат» ЖШС мен Виктор Урожай басқаратын «Димитрово»  ЖШС-ны атап айтуға болады.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале