19.01.2024, 13:00
Оқылды: 173

«Жайық жастары». 40 тұрғын үй кімдерге беріледі?

Өңірімізде алғаш рет облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Жайық жастары» атты тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

ЖП ДОМ (6)

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыру үшін  облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалының басшысы Аида Ипатова меморандумға қол қойды. «Отбасы банк» арқылы «Жайық жастары» баспана бағдарламасы аясында 40 жас отбасыға арналған жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның нәтижесінде, 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдетілген несие берілмек. Облыста тұрғын үй алуға 600 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, жастарды баспанамен қамту жоспарланған.

Қанатқақты жоба жайында толығырақ білу үшін, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бибі Уалиге хабарластық. «Жайық жастары» бағдарламасының шарттары мынадай. Қарыздың ең жоғарғы сомасы 15 млн теңгеге дейін болса, бастапқы жарна 10 пайыз. Пайыздық мөлшерлемесі – 10%. Несие 20 жылға беріледі. Бағдарламаға қатысушылар бастапқы немесе екінші нарықтағы тұрғын үйді, пайдалануға берілген не салынып жатқан үйді, «Қазақстан тұрғын үй  компаниясы» АҚ кепілдігі болған кезде үлестік қатысу арқылы баспана ала алады. Оралда тұрақты тіркеуі бар жастардың ауылдан үй алуға да мүмкіндігі бар.

Бағдарламаға қатысатын жастарға қандай талап қойылады?

Орал қаласынан үй алғысы келетін жас ҚР азаматы болуы керек. Жасы 21-ден 35 жасқа дейінгі аралықты қамтуы тиіс. Жұбайы бар болса, оның жасы есепке алынбайды. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады.

Қатысушының Орал қаласында соңғы бір ішінде тұрақты тіркеуінің болуы шарт. Сонымен бірге өтініш беру кезінде онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайы, кәмелетке толмаған балалары) Оралда тұрақты  тіркеуде болуы керек.

Оралда соңғы 12 айдан кем емес міндетті зейнетақы жарнасы аударылған ресми жұмыс өтілі болуы тиіс. Бағдарламаға қатысушы да және оның отбасы мүшелерінде соңғы бес жылда жеке меншігіндегі баспана болмауы керек.

Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері қатыса алады. Толығырақ тарқатып айтсақ, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасына сәйкес медицина қызметкерлері «техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, тиісті жоғары және орта білімі бар, Батыс Қазақстан облысында орналасқан денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қалалық және республикалық ұйымдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар номенклатурасын және мамандандырылуын, номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.12.2020 жылғы № ҚР ДСМ-305/2020 бұйрығының 2-қосымшасына сәйкес.

Білім, атап айтқанда: техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Батыс Қазақстан облысында орналасқан, тиісті жоғары және орта білімі бар білім беру саласындағы мемлекеттік қалалық және республикалық мекемелердің (оның ішінде мемлекет 100% қатысатын АҚ және КЕАҚ) педагог қызметкерлері.

Мәдениет, атап айтқанда: техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Батыс Қазақстан облысында орналасқан мемлекеттік мәдени қалалық және республикалық ұйымдардың (оның ішінде мемлекеттің 100% қатысуымен ЖШС, АҚ және КЕАҚ) бейінді қызметкерлері.

Спорт, атап айтқанда: БҚО-да орналасқан мемлекеттік қалалық және республикалық ұйымдарда, сондай-ақ «ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті» ҚБ және «ҚР Ұлттық Параолимпиада комитеті» ҚБ-да еңбек қызметін жүзеге асыратын спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар.

Батыс Қазақстан облысының коммуналдық кәсіпорындарының /мекемелерінің қызметкерлері (коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, мемлекет 100% қатысатын АҚ, ЖШС).

Мемлекеттік қызметшілер, ақылы мемлекеттік лауазымды атқаратын және заңнамаға сәйкес мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында мемлекеттік органның атынан лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері.

Құжаттар облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында 18 қаңтар мен 8 ақпан аралығында қабылданады.

Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс  бөлімінің басшысы Бибі Уали бұл бағдарламаға өкінішке орай, аудан жастары қатыса алмайтынын айтты. Қатысса, аудан жастарын тұрғын үймен қамтудың тағы бір тәсілі болар еді.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Ерлан Галимовтың мәлімдеуінше, 2023 жылы аудан бойынша 14 жас отбасы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен үй алған.

Бір айта кетерлігі, «Жайық жастары», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларының бірінде де қатысушылар тізімінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің, журналистердің жоқтығы қынжылтады. Төртінші билік иесі атанған, халық пен биліктің алтын көпірі саналатын, қоғамда пікір қалыптастырушы бұқаралық ақпарат құралдары мамандары мемлекет ұсынатын бағдарламалардың қай-қайсысына да қатысып көрген емес. Елімізде, өңірде, аудандарда қаншама бұқаралық ақпарат қызметкерлері, қалам иелері тұрғын үйге мұқтаж?

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале