Ақжайық ауданының Жайық ауылында елдің көптен бергі тілегі орындалды. Ауыл мен аудан орталығының арасын байланыстыратын жол жөнделіп, ауыл тұрғындарының қуанышын Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бөлісті.
Осы жолдың ашылу құрметіне және Астана күніне орай «Жігер» спорт клубының ұйымдастыруымен барлық талап-шектеулерді сақтай отырып, велошеру ұйымдастырылды. Чапаев ауылынан тақтайдай тегіс жолмен Жайық ауылына әп-сәтте жетіп барған спортшыларды ауылдың кіреберісінде тұрғындар қуанышпен қарсы алды.
Аудан әкімі Қалияр Айтмұханбетов жайықтықтарды қуаныштарымен құттықтап, елдегі атқарылған өзге де игі істерді баяндады.
Қыста қарға, көктемде балшыққа батып, жол азабын біраз көрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. «Бұл жол ауылдың – көптен күткен қуанышы. Жаңбыр жауғаннан кейін жөнделмеген жолда машиналар батып, ауылдан шыға алмай азапқа түсетін кезіміз артта қалды. Жолды жөндеу жұмыстарына атсалысып, көмек қолын созған жандарға алғысымыз шексіз. Өзім отыз жыл бойы екі ауылдың арасына жолаушы тасымалдайтын автобус жүргізушісі болып еңбек еттім. Жарты ғасырдай мүлде жөндеу көрмеген жол адам мен көліктерді біраз әбігерге салатын», - дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Жұмабай Жармұханбетов.
Еске сала кетейік, мамырда басталған жол құрылысы жұмыстары 4 айға жоспарланса, мердігер компания «ТОБИ» ЖШС тыңғылықты қызметінің арқасында жөндеу жұмыстарын 2 ай мерзімге ерте тәмамдады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 2 238000 мың теңге қаражат бөлінген, тап осындай жұмыстар Ілбішін, Жаңабұлақ ауылдарында қолға алынуда. Бүгінгі таңда Чапаев, Тайпақ ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуге жобалық- сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Әсет Бисенғалиев
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Азамат Қанапия