Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «AMANAT» партиясының Сырым аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Дарғожиев, қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев Бұлан ауылдық мәдениет үйінде халықпен, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Жиналыста аудандық мәслихат депутаты Серік Зиятовтың көтерген жайылым мәселесі қозғалды. Депутат төрт түлікке арналған жайылым нормативі жерге қатысты категориялар туралы, ауылда екі бағымда 2400 қой, 10 шақты үйір жылқы барын, ҚР АШМ-нің ауыл шаруашылық жануарлары жайылымдарының бекіту қағидаларына сай жылқыны бос жіберіп қоюға болмайтыны, қасында міндетті түрде кісі болуы керектігі, ауыл ішінде жүрген жылқылардың балаларды басып кетуі мүмкіндігі, малдың бақшаға түсуі туралы айтты.
Ауыл әкімі Мұрат Әділгереев ауылдан ауылшаруашылық кооперативін ашып, бойдақ малдарды далада бағу қажет деген ұсынысын ортаға салды.
Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Тоқтаров көтерілген мәселелер «Ауыл шаруашылық жайылымдары туралы» Заңмен реттелетінін, жуырда жаңа заң қолданысқа енетінін айтты. Аналық малдар, саулық қойлар ауыл маңында жайылуы керек. Еркек торпақ, баспақ, бойдақ малдар шалғайдағы жайылымда жайылуы керек деп анық көрсетілген. Ауылдық округтерге геоботаникалық зерттеу жүргізіп көрдік. Мал басына шаққанда қанша гектар жерден келетін жүктемесі осыдан келіп шығады. Бұлан ауылдық округінің жері 49 мың га болса, соның елді мекендерге жайылымға берілген жер көлемі 6745 га. Шартты басқа ірі қараға 9,8 га, қой малына 1,7-ден 3,4-ке дейін га жер бекітілген. Жер қатынастары шаруа қожалықтарына жер беру үшін Бұлан ауылдың маңынан конкурсқа жер қойылған жоқ. Мал басында жыл сайын 10 пайызға өсім бар.
Арман Мәжитұлы арнайы картадан жайылымдық жерлерді көрсетіп, түсіндірді.
– Бақшаны қорғау жер кодексімен реттелмейді. Кәсіпкер өз мүддесі үшін өзі қоршау керек. Немесе қарауыл қоя ма, өзі біледі. Судың жағасы ортақ пайдаланатын жер болып есептелетіндіктен, ол жеке мақсатта пайдалануға берілмейді. Егер жайылым 10 км болса, оған таңертең шыққан мал жайылымның соңына дейін бармайды. 2400 қой болса, оны 0,1-ге көбейтеміз. 240-ты шартты басқа берілетін жайылым көлемі 1,8 га-ға көбейтеміз. 432 шығады. Сонда ауылдың қойына 432 га жер жайылым тиесілі. Ауылда 700 ірі қара болса, 700-ді 0,8-ге көбейтеміз, 560 шығады, 560-ты 9,8-ге көбейтсек, 5488 га ірі қараға жайылымдық жер қажет. Жайылымда мал сәуірдің 15-інен қарашаның 15-іне дейін жайылуы керек. Жайылымды екі апта бір бағытқа, екі апта келесі бағытқа жаю қажет,- деді Арман Тоқтаров.
Жер актісіне сәйкес Жымпиты мен Бұлан ауылы арасындағы мал жайылымының Бұлан малдары жайылып жүргені Жымпиының жері болса, Жымпитының малы Бұланның өрісіне шығып жүр екен.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz