26.11.2025, 23:00
Оқылды: 185

Жақсыбайда мәдени-спорт кешені ашылды

Ауыл – қазақтың алтын тамыры десек, сол ауылдың күннен-күнге көркеюі көңілге қуаныш ұялатады. Бүгін соның дәлелі, Жақсыбай ауылында сәні мен салтанаты келіскен мәдени-спорт кешені бой көтеріп, пайдалануға берілді.

image-26-11-25-09-18-10

​Аталмыш кешен ауыл өмірін жандандырып, жастардың спортпен, өнермен айналысуына жол ашатын игілікті нысан болмақ. Заман талабына сай салынған ғимаратта мәдени орындармен қатар спорттық ойын алаңы және кітапхана орналасқан, соңғы үлгідегі жиһаздар мен жаңа музыкалық құрал-жабдықтармен жабдықталған.

image-26-11-25-09-18
​Ғимарат құрылысы «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инфрақұрлым жобасы, яғни халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін нысандарды құруға, дамытуға және жақсартуға бағытталған жоба аясында іске асырылды. Аталмыш жоба облыс бойынша алғаш рет Жәнібек ауданында іске асты. Яки мәдениет, спорт, кітапхананы бір жерге орналастырған бұл кешен әзірге Жақсыбай ауылында салынды.
​Кешеннің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов, «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік жобалар және инфроқұрлым бөлімінің менеджері Қайрат Бимағанбетов, жобаны іске асырып, құрылысын жүргізген мердігер «Smartech» ЖШС басшысы Жәнібек Байхатов арнайы қатысты.

image-26-11-25-09-18-1
​Құттықтау сөз алған БҚО әкімінің орынбасары Мирас Рүстемұлы: «Бүгін қуанышты күн. Жақсыбай ауылында жаңа мәдени-спорттық кешенінің ашылу салтанатына жиналып тұрмыз. Бұл нысан ауыл тұрғындарының әлеуметтік һәм мәдени өмірін жандандырып, жастардың спортпен шұғылдануына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына зор мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрбір өңірдің дамуы – елдің дамуы. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті», - деп атап өткен болатын. Осы тапсырманың аясында еліміздің барлық өңірінде бұқаралық спорт пен мәдени инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. 2023 жылдан бері облыс бойынша жалпы құны 24,5 млрд теңгені құрайтын 11 спорттық нысан салынды. Солардың бірі дәл бүгін ашылып отырған осы мәдени-спорттық кешен. Көптен күткен бұл нысан, енді ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады. Қазіргі таңда облыста 9 спорттық нысанның құрылысы жүргізілуде, соның 5-еуін ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 2023 жылдан бері 5 млрд теңгеге жалпы 11 мәдени-әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді.
​Жәнібек ауданы бойынша да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2023 жылы Камысты және Жақсыбай ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, Ақоба ауылында 108 орындық шағын жинақты мектеп салынды. Бұл нысандар білім мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге елеулі үлес қосып отыр. Ағымдағы жылдың қараша айында аудан орталығында және Ұзынкөл ауылында жаңа шағын жинақты мектептердің құрылысы басталды.
​Бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және үкіметтің қолдауымен іске асуда», - деді орынбасар.
​Сондай-ақ саналы ғұмырын ауданның, соның ішінде Жақсыбай ауылының дамуына арнаған еңбек ардагері, Жақсыбай ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркін Дуитов пен сәнді де салтанатты, заманауи ғимаратты сапалы әрі уақытында қолданысқа берген «Smartech» ЖШС басшысы Жәнібек Байхатов жылы лебіздерін білдірді.

image-26-11-25-09-18-12
​Әрмен қарай мәдени спорт кешенінің лентасы қиылып, қонақтар мен ауыл тұрғындары ішке енді. Шашу шашылып, меймандарға ақ пен бауырсақ ұсынылды.

image-26-11-25-09-18-3
​Ғимарат ішін аралаған қонақтар, сондағы үйірмелермен танысып, үйірме мүшелерінің өнерлерін көрді. Тіпті оларға тәнті болған Мирас Рүстемұлы қолына домбыра алып, күйден шашу шашты.

image-26-11-25-09-18-4
​Айта кету керек, мәдени-спорт кешені 150 орынға арналған. Жобаның жалпы құны 827 млн теңгені құрады. Кешен ішінде бес түрлі мақсаттағы зал қарастырылған. Яғни, заманауи акт залы, кең әрі жабдықталған спортзал, ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін кітапхана, би залы және түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы жұмыстарға арналған қосымша бөлмелер бар. Сонымен қатар кешен жобасы «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында іске қосылған.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале