17.05.2023, 21:24
Оқылды: 56

Жақсыбайдың халі жақсы ма?

Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязовтың алғашқы іссапары Жақсыбай ауылдық округінен басталды.

IMG-20230517-WA0057

Әуелі "Байсал" шаруа қожалығының егістік алқабына тоқтап, жетекші Тұрсын Осатовпен ауыл шаруашылығы жөнінде пікір алмасты. Содан соң ауылдағы М.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде болды. Білім ордасы туралы мектеп директоры Мейірбек Сарнаулов баяндап берді. Бірден кітапханаға бұрылған аудан басшысы кітап қоры туралы ақпарат алып, мұражай, спортзал мен асханаға аялдады.

IMG-20230517-WA0058

Әрмен қарай, күрделі жөндеуді қажет ететін дәрігерлік амбулаториямен танысып, Х.Халиуллин атындағы шекара бөлімшесіне барып, шекарашылардың жұмыс барысына қанықты. Олардың арман-тілектеріне құлақ түрген Тимур Серікұлы бірден Қазақстан Республикасы ҰҚК шекара қызметі 2036 әскери бөлімі "Жақсыбай-Петропавловка" шекаралық өткізу пунктінен табылды. Не жарығы, не жылуы жоқ жердегі шекарашылардың өмірінен аттап кетпей, бұл іске аудан әкімдігі қол ұшын созатынын айтып, жақын арада шешімі табылатын жұмыстардың қатарына енгізді.
Аудан дамуының тұтқасын ұстаған басшы қарапайым жұртшылықпен кездесуді де естен шығармады. Жақсыбай ауылының тұрғындары ауылдың мәдениет үйіне лезде жетіп, ауылдағы күрмеуі шешілмеген жайттарды ортаға салды.

IMG-20230517-WA0063

Жиынға аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, облыстық мәслихаттың депутаты Есқайыр Елемесов, аудандық мәслихаттың депутаты Жасқалам Әбдірахманов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылбек Қамашев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов, аудандық ветеринариялық стансаның басшысы Біржан Ғұбашев, «Батыс Энергоресурсы» ЖШС аудандық филиалының басшысы Рулан Жүнісов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Айшуақ Сейтқазиев қатысты.

IMG-20230517-WA0060

Аталмыш ауылдың әкімі Алмат Қаратаев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берсе, аудан басшысы тұрғындарды тыңдады. Алмат Бақытұлы:
- Халықтың тұрмыс тіршілігін жоғары деңгейге көтеру арқылы табыс көзін арттыру – басты мақсаттардың бірі. Негізгісі аз қамтылған отбасылар мен жастарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға талпындырып, тұрақты қызметке орналастыру. Осы жылы қолға алған келелі істердің куәгері екендеріңізді ескерсек, 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылғанын, 40 адамның ақылы қоғамдық жұмысқа араласқанын, 3 тұрғынның «Күміс жас» жобасы арқылы іске кіріскенін, 1 маманның «Жастар тәжірибесі» бойынша еңбек етіп жатқанын айта кеткен жөн. Екі қолға бір күрек іздеп жүрген жандардың үшеуі 2,5 пайыз көлемінде жеңілдетілген несиеге құжаттарын тапсырды. Қанатқақты «Ауыл аманаты» жобасынан да қалыс қалмаған 4 адам өз кәсіптерін бастауға дайындық үстінде. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізген Әсемгүл Ғұсманованың шаштараз орталығын ашу ниетін ауыл әкімдігі қолдайды,- деген ауыл әкімі абаттандыру жұмыстарына да басымдық берген.
Айтуынша, аудан әкімдігінің қаулысымен тазалық айлықтары жүріп, тұрғындар сенбіліктерге жұмыла қатысқан. Жоспарға сүйенсек, 650 түп теректің 50 пайызы жайқалып, қалғаны күз мезгілінде жүзеге аспақшы. Аудандық бюджеттен 77 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, ұзындығы 800 метрді, ені 1,5 метрді құрайтын тротуар салынып жатыр. Қатты қалдықтарды сақтайтын орынға аудан есебінен 2 млн теңге беріліп, мердігер анықталып, іске кіріседі. Осы орайда есептік жиында Тимур Серікұлы сөз алды. Ол:
-Тағайындалғаныма екі аптаға жуық уақыт болғанын назарға алып, сіздер үшін көп жұмыс атқардым деп жалған есеп беру орынсыз. Жалпы, аудан бойынша 9 жоба жоспарға еніп, 12 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жолдың жайы, ауылдардағы су құбырларын жаңғырту, мектептер мен медициналық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, ауыл шаруашылығын дамыту да назардан тыс қалмақ емес, - дейді.

IMG-20230517-WA0062
Тұрғындар ішінен алға озып, үнтаяқты баппен қолына алған «Ер-Ана» шаруа қожалығының жетекшісі Нәбиолла Мекетаев жыр болған киіктің белең алуына, оған қарсы ешқандай іс-шаралар жүргізілмейтініне наразылығын білдірсе, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Хамидолла Мекетаев елдің қажетіне жарамай бос тұрған ғимараттар жөнінде қадап айтты. Бас-аяғы 80 адам бас қосып, ауылдың ортақ мәселелері талқыланған жүздесуде ұзындығы 2,5 шақырым болатын Ж.Қарақұлов көшесіне жол жабынын төсеу жайында ұсыныс айтылды. Жақсыбайдағы ел бір ауыздан қостаған және оның жақын арада жүзеге асқанын қалаған мәселелердің бірі — Сарыөзеннен су айдау жұмысы болды. Ауыл әкімі Алмат Бақытұлының баяндауынша, арна облыстық су шаруашылығының құзырына өту керек болған. Дегенмен белгілі себептермен ол жұмыс аяқсыз қалғанын айтып, сайдағы судың азайып жатқанын да жеткізді. Бір ғана су айдау құрылғысының шамасы жетпейтінін жасырмай, тегін су сайға құйылса, мал өсіруге, бау-бақшаны алаңдамай егуге де болатынын үмітпен айтты.Аудан басшысы аталған ауылда айтылған барлық өтініш пен тілекті һәм мәселелерді жадына сақтап, параққа түртіп алды. Алдағы уақытта жоспар жасақталатынына қуанған ауыл жұртшылығы «қалауын тапса, қар жанар» деп тарқасты.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале