Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылында бой көтеріп жатқан мәдени-спорттық кешен – аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі ғана емес, алдыңғы қатардағысы болып отыр. Нысанның құрылысы биыл наурыз айында басталған болатын. Бүгінде аталған кешен құрылысы жұмыстарының негізгі бөлігі орындалып, белгіленген жоспар аясында қарқынды жүргізілуде.

Құрылысты аталмыш салада 18 жылдан астам тәжірибесі бар Орал қаласындағы «Smartech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын кешен ішінде бес түрлі мақсаттағы зал қарастырылған. Атап айтқанда, 150 орындық заманауи акт залы, кең әрі жабдықталған спортзал, ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін кітапхана, би залы және түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы жұмыстарға арналған қосымша бөлмелер болады деп жоспарланған.

Бүгінгі таңда құрылыс нысанында жергілікті жерден 9 азамат жұмыспен қамтылып, жобаның әлеуметтік маңызын арттыра түсуде. Құрылыс учаскесінің бастығы Наурыз Қайырғалиевтің айтуынша, жұмыс сегіз ай ішінде аяқталуы тиіс. Алайда мердігер мекеме құрылыс қарқынын үдетіп, кешенді жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне тапсыруды мақсат етіп отыр.
Бүгін құрылысы барысымен аудан әкімі Тимур Шиниязов және «КПО б. в.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев арнайы барып, танысып қайтты. Олар құрылыс материалдарының сапасын тексеріп, мердігер тарапына сапа мен қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуды тапсырды.
– Асығыстық таныту – сапаны төмендетіп алу сынды қиындықтар тудыруы мүмкін. Сондықтан әр істі мұқият әрі талапқа сай орындау қажет, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.

Айта кету керек, халқы мыңнан асатын Жақсыбай ауылының тұрғындары – спорт пен мәдениетке жақын, шығармашылық бастамаларға құштар жандар. Сондықтан жаңа кешеннің ашылуы ауыл өміріндегі айтулы оқиғаға айналып, көптен күткен қуаныш болатыны сөзсіз.
Сонымен қатар аудан басшысы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 жылдан 2029 жылға дейінгі» тұжырымдамасына сәйкес Жақсыбай ауылында салынып жатқан тұрғын үй құрылысы жұмыстарын көріп, мердігер тарапына аз-кем ескертпелер жасап, жалпы жұмыс сапасына көңілі толып қайтты. Тұрғын үйлердің де құрылысы аяқталуы жақын.

Ауыл әлеуетін арттыра түсуге сеп болар қуаныштардың куәсі болу – баршамыздың ортақ тілегіміз. «Құрылыс қарқыны осы бағытынан таймай, ұлы тойыңа келейік, Жақсыбай!» деген ниетпен аудан орталығына жол тарттық.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы