Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінде әскери қызметшілердің жұбайлары арасында «Шекара аруы» атты бейнебайқау ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты – шекарашылар отбасыларының өмірін насихаттау, әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету және шалғай шекаралық бөлімшелердегі қызметтің маңызын арттыру.

Шығармашылық сайысқа еліміздің түрлі өңірлерінен 14 қатысушы қатысты. Байқау талаптарына сәйкес қатысушылар бейнеролик форматында шекаралық бөлімшелердегі тұрмыс ерекшеліктері мен әскери қызметшілер отбасының өмірі туралы баяндады. Қатысушылардың жұмыстары әлеуметтік желілерде жарияланып, онлайн дауыс беру арқылы бағаланды.
Аталған байқауда Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Жақсыбай елді мекенінің тумасы Айназым Қабылтай жүлделі екінші орынды иеленді. Ол өз жұмысында шекарашылар отбасының өмірін, шалғай шекара бөлімшелеріндегі тұрмыс ерекшеліктерін және отбасылық құндылықтардың маңызын әсерлі түрде көрсете білді.
Айназым Қабылтайдың бейнежұмысы мазмұндық тереңдігімен, шығармашылық тәсілімен және шынайылығымен ерекшеленіп, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
Жүлдегерге 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы, кубок және арнайы диплом табысталды. Айназымның жетістігі – тек жеке жеңіс қана емес, сонымен қатар шекарашылар отбасыларының бірлігі мен рухани беріктігінің көрінісі.

Байқаудың бірінші орны Маңғыстау облысының өкілі Аружан Құлманбетоваға бұйырса, үшінші орынды Павлодар облысының қатысушысы Маржан Чужаева иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауға, олардың қоғамдағы рөлін айқындауға және патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы