Былтыр Жақсыбай ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 6 адам несие алып, өз кәсіптерін бастап жатыр. Қаржыландыру жыл соңында болған соң, жақсыбайлықтар кәсіптеріне енді кіріскелі отыр. Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов аталған ауылда жұмыс сапарымен болып, жаңа кәсіпкерлермен кездесіп қайтты.
Мәселен, Жақсыбай ауылдық округінің тұрғыны Ерболат Хабиев қоғамдық монша салуға ниеттеніп, 9 млн 200 мың теңге несие алған. Құрылыс жұмыстарын сәуір айында, яғни күн жылынғаннан кейін бастамақ. Ерболат Хабиевтің айтуынша, құрылыс материалының 90 пайызы дайын, моншаға қажет құрылғылар да алынған. Несие алушы маусым айында монша өз жұмысын бастайды деген уәдесін де айтты.
Сол сияқты жақсыбайлық Лунара Қаратаева жобаға қатысып, нан өнімдері мен тәттілер пісіретін наубайхана ашуға несие алды. Қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, аталған кәсіппен нәпақасын тауып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Лунара мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, аталған кәсібін бастаған еді. Кәсіпті кеңейту үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 4 млн 900 мың теңге несие алды. Лунараның айтуынша, аталған қаржы тек наубайхананың құрал-жабықтарына берілген. Ендігі кезекте өнімдер дайындайтын орынды кеңейту қажет. Себебі қазіргі таңда өнімдерге сұраныс үлкен. Жұмыс орнын кеңейтіп алса, қосымша жұмысшылар алуды жоспарлар отыр.
Сонымен қатар жоба игілігін енді көрейін деп жүрген жақсыбайлық Алмабек Зұбайыровты да атап кетуге болады. Алмабек Жасталапұлы үйінің ауласынан көлемі үште екі етіп жылыжай салып, өнімін биыл алуды жоспарлап отыр. Жобаға былтыр қатысып, жыл соңында 800 мың теңге көлемінде қаржысын алған. Әзірге жылыжайды тұрғызып қойды. Сәуір айынан бастап қияр, қызанақ көкөністерін егуді бастайды.
Сондай-ақ жобаға қатысқан тағы бір жақсыбайлық – Нұрболат Жапалақов. Ол былтыр жыл соңында 6 млн теңге көлемінде несие алып, Жақсыбайда әзірге жоқ дөңгелек жөндеу орнын ашуды көздеп отыр. Дөңгелек жөндеу орны дайын, құралдарының кей бөлігі сатып алынған. Қалған қажетті заттары алынғаннан кейін дөңгелек жөндеу орны өз жұмысын бастайды. Ауданның солтүстігінде орналасқан үш ауылдың біреуінде ғана бұндай кәсіп ашылып жатыр. Борсы, Талов ауылдарына да бұндай кәсіп керек-ақ.
2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жақсыбайлық алты адам несие алып, кәсібін ашса, 2023 жылы жоба аясында 8 адам 38 млн 831 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, 342 бас қой, 32 бас ірі қара алып, өз кәсіптерімен айналысуда. Соның бірі – Жангелді Жайсаңғалиев. Жангелді Өрболатұлы 4 млн 200 мың теңгеге 8 бас ірі қара алған. Биыл бір сиыр туып, мал басы көбеюде. Жангелдінің алдағы уақытта жоспарлары да көп. Ауылдың шетінен жер алып қойған ол, биыл мал қора салып, кәсібін кеңейтпекші.
Жақсыбай ауылында несиенің игілігін көріп отырғандар жетерлік. Биыл тағы 12 тұрғын түрлі бағытта несие алуға ниетті.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы