25.11.2025, 13:00
Оқылды: 199

“Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренсек”

Энергетикалық сусындар мен электронды темекілердің зияны туралы мамандар дабыл қағуда. Бірақ, қоғам оны қаперіне алар емес…

Полиция ЖП

Қазір жастар арасында вейп тарту мен энергетикалық сусын ішу кең тараған құбылысқа айналды. Бірі өзін сергіту үшін ішсе, енді бірі сән қуып тәтті түтінге әуестенеді. Алайда мамандардың айтуынша, бұл әдеттің түбі тәуелділікке, тіпті ауыр дертке әкелуі мүмкін.

У емес, дәрі еді...

Ғаламтор беттеріндегі деректерге сүйенсек энергетикалық сусын алғаш рет 1927 жылы Ұлыбританияда фармацевт Уильям Уокер Хантердің қолынан шыққан. «Glucozade» деп аталған өнім бастапқыда әлсіреген адамдарға күш беру мақсатында жасалған. Ал Қазақстанда мұндай сусындар XXI ғасырдың алғашқы жылдарында ғана кеңінен тарады. Қазір дүкен сөрелерінде сан түрлі энергетиктер еркін сатылады, ал тұтынушылардың басым бөлігі – жасөспірімдер. Олардың бұл сусынды шамадан тыс қолданатыны соншалықты, ақыр соңында мамандарды алаңдатып отыр. Дәрігерлер энергетиктердің жүрек пен жүйке жүйесіне салмақ түсіретінін айтады:

Энергетик құрамындағы кофеин адамды уақытша сергітеді, бірақ кейін шаршау мен әлсіздік бірнеше есе күшейеді. Ұзақ мерзімде бұл гипертония, асқазан жарасы, бауыр дистрофиясы және қант диабетіне әкелуі мүмкін.Литва, Франция және Норвегия секілді елдерде мұндай сусындарға қатаң шектеу қойылған. Жасөспірімдерге сатуға тыйым салынса, кейбір елдерде тек дәріханада ғана рұқсат етілген. Біздің елде де бірқатар шектеулер бар. Дегенмен жасөспірімдер ебін тауып, ішіп, денсаулықтарына нұқсан келтіруде. Сондай-ақ электронды темекіге де жасөспірімдердің әуестігі басым екендігі жасырын емес. Қазіргі мектеп жасындағы балалардың ермек етіп жүргені осы. Ол бір реттік темекі немесе «вейп» деп аталады. Электронды темекіге әуестік балалар арасында көбіне қызығушылықтан басталады. Дәмін бір көремін дегендер тұрақты түрде темекінің тұтқынына айналуы мүмкін. Электронды темекінің түтінін зиянсыз деп ойлау қате. Оның құрамындағы никотин мен химиялық қоспалар жасөспірімнің дамып келе жатқан ағзасына өте қауіпті. Бұл ХОБЛ, бронхит және өкпе қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін,-дейді аудандық емхананың профилактикалық бөлім меңгерушісі Диана Қабдоллова.

Вейптің қаупі

Дәрігерлер осылайша балалардың табак өнімдеріне қызығуы қауіпті деп дабыл қағуда. Себебі оның құрамында химиялық әрі психотропты заттар бар. «Вейп» сөзі ағылшынның vape – «булану» деген сөзінен шыққан. Тәтті иісі мен түрлі дәмі арқылы ол жастарды тез тартады. Бірақ, құрамындағы пропиленгликоль, никотин және ароматизаторлар өкпені уландырып, тыныс жолдарын зақымдайды. Елімізде 2021 жылдың бірінші шілдесінен бастап, жаңа ережелерге сәйкес, сату орындарында темекі өнімдерін орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салынған.

Заң мен тәртіп

Тақырып аясында мектептермен және мектеп жасындағы жасөспірімдер бойынша аудандық полиция бөлімімен де байланыс жасаған едік.

- Елімізде темекі және электронды құрылғыларға қатысты бірқатар шектеулер енгізген. 2020 жылы ҚР Әкімшілік кодексіне енгізілген 423-1-бапқа сәйкес, 21 жасқа толмағандарға электронды темекі, кальян және никотин сұйықтықтарын сату үшін 15-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген. Жаңа жылдан бастап, яғни 2025 жылдың қаңтар айынан Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынды. Сондай-ақ, сусындарды сатушы жоқ болса, автоматтар мен басқа құрылғылар арқылы сатуға болмайды. Егер сатып алушының 21 жасқа толғанына күмән туындаса, жеке басын куәландыратын құжатты талап ету керек. Егер сатып алушы құжатты көрсетпесе, оған сатпау керек. Осы ережелерді бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Жыл басынан бері осындай олқылықты жібергені үшін сатушылар ға 4 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл шектеулердің мақсаты – алықтың денсаулығын энергияны шамадан тыс тұтынудың жағымсыз әсерінен қорғау және жұқпалы аурулардың алдын алу, деп түсіндірген аудандық полиция бөлімінің қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімшесінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Айгүл Наурызымбетованың сөзін, аудандық білім бөлімінің тәрбие жұмысы бойынша әдіскері Сәуле Әлдекенова жалғады.

- Аудан бойынша мектептерде 10082 оқушы оқиды. Зиянды заттарды пайдалану себебінен полиция есебінде және наркологиялық бақылауында оқушы жоқ. Жыл бойы жасөспірімдер арасында зиянды заттарды пайдаланудың алдын алу мақсатында оқушылармен жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, соның ішінде "Зиянды әдеттерден аулақ болу", «Нашақорлықтың алдын алу», "Темекі, вейп және энергетикалық сусындардың зияны" тақырыптарында сынып сағаттары. Сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен психологиялық тренингтер, ақпараттық түсінік жұмысы жүргізіледі.Кездесуге аудан Полиция бөлімінің, прокуратура және медициналық қызметкерлері шақырылады. Ата -аналарға  алкогольдік ішімдік, темекі өнімдері мен есірткінің зияндығы туралы арнайы тренингтер жүйелі түрде өткізіледі.

Студенттер арасында...

Студенттер арасындағы тәуелділік пен қолданыс бойынша, Ақсай техникалық колледжінің тірбие жөніндегі орынбасары Эльмира Жолдасова да студенттер арасында жиі кездесетін әрі бітпейтін күрес екендігін айтады.

- Студенттер арасында жасыратыны жоқ, олар пайдаланады. Әлі 18-ге толмаған студенттерден байқай қалсақ әрине,сабақ болсын, ұғынсын деп, құзырлы орган мамандарымен бірлесіп, әкімшілік хаттама толтыртып, бір сілкіп аламыз. Мұндағы бар ойымыз, жастайынан ағзасын уламасын, жақсы бір дүниеге ұмтылсын дегеніміз. Түрлі роликтер көрсетіп, тәрбие жұмыстарын барынша жиі жүргіземіз.

Түйін

Энергетикалық сусын мен вейп – заманауи өмірдің көрінбейтін дерті. Бірі сергітеді, бірі тыныштандырады деп ойлағанмен, екеуі де ағзаны улайды, психиканы әлсіретеді және тәуелділікке апарады.

Мамандардың айтуынша, бұл мәселемен күрестің басты жолы – тәрбие, білім және қоғамдық бақылау. Жастарға салауатты өмір салты тек ұран емес, өмірлік қажеттілік екенін ұғындыру – қоғам алдындағы ортақ міндет.

Қысқасы, энергетик пен вейп – еркіндіктің емес, тәуелділіктің көрінісі. Бүгін елемеген зиян ертең қоғамның денсаулығына айналмақ қауіп.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале