Тасқала ауданының дамуына еселі еңбек етіп, оның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, есімі елге танымал адамдар бар. Солардың бірі – Сатқали Сапаров еді. Биыл Сатқали Сапарұлының туғанына 95 жыл толады. Ол 1928 жылы Қосшы ауылдық округіне қарасты Мартынов ауылындағы шаруалар отбасында дүниеге келген. Сұрапыл соғыспен қатарласа, 1942 жылы Мартынов жеті жылдық мектебін бітірген ол 14 жасында «Оян» кеңшарында есеп жүргізушісінің көмекшісі болып алғашқы еңбек жолын бастайды.
Кейін Жаңақала, Бөрлі аудандық қаржы бөлімдерінде, аудандық кеңес атқару комитетінде басшылық қызметтер атқарады. Жұмыстан қол үзбей орта білім алып, Алматы қаласындағы жоғарғы партия мектебін бітіреді. 1967 жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейін Камен, Жаңақала аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарады. Аудан экономикасын көтеріп, әлеуметтік жағдайын нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Сатқали Сапаровтың сол еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, әрі мінсіз қызметі үшін Еңбек Қызыл ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған. Ол қандай жұмыста болмасын, өзін шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білді. Халқы оны үлкен адамгершілігі мен қарапайымдылығы үшін құрмет тұтты және сыйлады. Қазіргі таңда аудан орталығындағы бір көше Сатқали Сапаровтың атымен аталса, кезінде оның өзі тұрған, кейінгі жылдары жастар ресурстық орталығының кеңсесіне айналған ғимаратта марқұмға арнап ескерткіш тақта орнатылған. Онымен қоса есімін ел қадірлеген Сатқали Сапаровқа «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді. Он бір баланы дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеп, жоғары білім алуына жағдай жасаған аяулы әке, білікті басшы Сатқали Сапарұлы 1976 жылы өмірден өтті. Сатқали Сапарұлы бұл фәниде бар болғаны қырық сегіз жыл жасаған екен.
Тасқала ауданы орталығындағы Сатқали Сапаров атындағы көше
Кейіпкерімізбен кезінде қызметтес болған Арон Жұбанышев сол жылдарды былайша еске алады: «Адамгершілігі мол, қарапайым, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Сатқали Сапаров Тасқала аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып қызмет атқарды. Сол кезден бастап біз қызметтес болдық. Ол шаруашылық ісін жетік білетін, үлкенмен де, кішімен де салмақты сөйлесіп, халықтың ой-пікіріне құлақ асып отыратын. 1967 жылы аудан қайта құрылғанда бірнеше кеңшар болған. Солардың барлығын қосып, үш-төрт жылдың ішінде ұжымшарға айналдырды. Сатқали Сапарұлы сол тоғыз шаруашылықтың алтауын өз қолымен құрды. Оның құрамында клубы, кітапханасы бар 33 бөлімше болды. Соның үшеуінде сегіз жылдық, қалғандарында бастауыш мектептер бар еді. Сәкең ауданға басшылық жасаған уақытта кадр мәселесіне баса назар аударды. Мысалы, сол уақытта еңбек еткен М. Жұмағалиев 12 жыл Ленин ұжымшарында директор болды. Сол ұжымшарды өз қолымен құрады. Алмаған марапаты жоқ. Ленин орденінен бастап, өңірі толған марапат болатын. Жоғарғы кеңестің депутаты болды. Семғали Ақжігітов 22 жылдай директор қызметін атқарды. «Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген» деген атақ алды. Абылай Балмолдин 1967 жылдан бастап зейнетке шыққанша Шежін ауылын 12 жыл басқарды. Нәубет Сәрсенбаев Степной ұжымшарында 22 жылдан астам еңбек етті. Осының барлығы Сәкеңнің кадрлары болатын. Олардың бәрі де тәжірибелі маман, білікті басшы, бір сөзбен айтқанда, ауданға еңбегі сіңген бір-бір тұлға еді. Олармен қызметтес болу мен үшін үлкен мектеп болды. Ол уақытта ауданда небары екі машина ғана болды. Бірақ Сатқали ауылдарды аралауға қыс мезгілінде ат-шанамен шығатын. Сондай бір сапары кезінде екеуіміз екі ат-шанамен Степной ұжымшарына шықтық. Кулаковтан әрі аса трактордың ізіне шана сыймай, біресе оңға, біресе солға қисайып келе жатқанда Сәкеңнің аты туарылып қалды. Қарасақ, қамыттың тамақ бауы шешіліп, құлақ бауы босап кетіпті. Жалма-жан тоқтап, үстіміздегі тұлыпты шешіп, шананы қайта жегіп жатсам Сәкең жымиып: «Қайта далада ешкімнің жоғын қарашы, әйтпесе жұрт бірінші секретарьдың аты туарылып қалды деп күлер еді», – деді.
Сатқали Сапаров тұрған үй
Бұл жерде оның машинаға мінбей, даланы ат-шанамен аралауының өзінен үлкен қарапайымдылықты аңғаруға болады». Ал ояндық Өтеген Ахметов марқұмның қарапайым есепшіден бастап, басшылық қызметке тек өзінің іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жеткенін айтады.
– Сатқали Сапарұлының қандай адам екенін ел жақсы біледі. Басылым беттерінде ол кісі жөнінде көп естелік жазылып та, айтылып та жүр. Мен Сатқали ағамен қызметтес болып бірге жүргенім жоқ. Тек білетінім, 1947 жылы біз Арамқуырдақта тұрдық. Ол кезде «Жаңа жол» кеңшары болатын. Сапар атам сиыр фермасының меңгерушісі болса, Сәтқали ағамыз сол кезде жас жігіт еді. Кеңшарда есепші болып еңбек етті. Сөйтіп жүріп үйленді. Ол кезде мен баламын ғой. Кенжеғаным жеңгеміздің біздің ауылға келін болып түскенін көзім көрді. Қазақта «Жақсының жақсы лығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Сәкең ісі түсіп, алдына келген адамды кері қайтарған жан емес. Нағыз болмаған жағдайда ретін тауып, ыңғайын шығаратын. Ондай жайт өз басымнан да өтті. Сатқали ағамыз өзі қызмет істеген жылдары Крупский ұжымшарында мұғалім болып жүрген қарындасым Мәйсураны аудан орталығына комсомол жұмысына шақыртты. Сөйтіп, мен Сатқали Сапарұлына келіп, қарындасымның аудан орталығына жұмыс бабымен келетінін айтып, үй сұрадым. Бәрін мұқият тыңдаған соң «Мен бәрін де білемін. Оны ойластырып жүрмін. Мына жерден алты пәтерлік үй салынып жатыр. Соның біреуін беремін. Басқа қандай шаруаң бар?» – деген еді, жарықтық. Қуанғанымнан «Бар жұмысым сол еді» деп, рақметімді жаудырып, кері кеттім. Артынан ойлаймын, сол кезде-ақ Сәкең жұмысқа келетін мамандардың жағдайын ерте ойластырған екен ғой. Міне, оның осындай біліктілігі мен көрегендігі өзімен қатар еңбек еткен тұлғаларға үлкен сабақ еді. Сатқали Сапарұлын ел жақсы көрді. Оны құрметтеді және сыйлады. Ол аудан экономикасының өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Бірақ амал не? Сатқали Сапарұлының ғұмыры тым қысқа болды. 48 жасқа қараған шағында өмірден өте шықты. Сол қамшының сабындай қысқа ғұмырында елдің еңсесін көтеріп, ауданда жаңа нысандардың ашылуына мұрындық болды. Жаңа ғимараттардың салынуына үлес қосты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, осы жолын ұлы Табылғали жалғастырып келеді. Бірнеше ауданды басқарып, әке жолын абыроймен ұстап келе жатқан ел азаматының бірі. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар, – дейді Өтеген Ахметов өз сөзінде. Жаңақала ауданының тумасы, зейнеткер Закария Сейсенғалиев Сатқали Сапарұлы туралы қалам тербеген.
1967 жылдың7 қарашасындағы газет
Ол мақаласында: «Біз білетін Төкең (Төлеген Мерғалиев) атақ-абыройы қаншалықты биікте жүрсе де, өмірде өте қарапайым болатын. Кейінгіге үлгі боларлық бойындағы жақсы қасиеті – алдыңғы толқын ағаларының атқарған істерін үнемі айтып отыратын. Жаңақала ауданы он жыл үзілістен кейін қайта шаңырақ көтергенде аймақ тізгінін ұстаған абыройлы азамат Сатқали Сапаров туралы: «Сәкең алысты болжай білетін көреген жан еді. Біз Әділғазы Нұрғазыұлы екеуіміз отыз жыл бойы Сәкеңнің жасаған жоспарымен жұмыс істедік қой», деп отырушы еді», – деп жазған екен.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz