«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Қайырымдылық – адам бойындағы ерекше бір қасиет. Ол кез келген жұмыр басты пенденің бойынан табыла бермейді. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетінің, адамгершілік қарым-қатынасының айқын көрінісі. Сондай-ақ пейілі кең адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Қазіргі таңда Жаңақала ауданында қайырымдылық жасаудан қашпайтын, сауапты, игі іске ұйытқы болатын жерлестеріміз көбейіп келеді. Әсіресе ауданның атымтай жомарт азаматтары қажетті аппараттар мен дәрі-дәрмектерді Ресей елінен алдырып, елге деген сүйіспеншіліктерін паш етуде. Халқымыз қиналған кезде қолұшын созатын, оларға әркез демеу болатын аға-апаларымыздың көптігі бізді қуантады.
«Әр қазақ менің жалғызым» демекші, қазақ халқы қашанда бір-біріне сүйеу, қорған бола білген. Сондықтан ауданымыздың әр жанашыр тұлғасын қайырымдылық қылып, жақсылық жасауға шақырамын. Қазіргі кезде әрбір дерт жұқтырған адам жылы сөзге һәм мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Айта кету керек, аты жаман індет қай адамның да басына келіп, кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті де мейірімді жүрекпен жақсылық жасап жарысайық, ағайын. Өйткені, жақсылықтың, қайырымдылықтың қоғамға тигізер пайдасы көп. Қазіргі қиын-қыстау кез жастарды ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеуге мол мүмкіндік береді. Жақсылықтың ерте, кеші болмайды. Бүгін істеген ісіңіз, ертеңгі өскелең ұрпаққа тәрбие болып қалары анық. «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деген нақыл сөз дұрыс айтылған. Бұл шағын мақалам арқылы өзгелерге ой салғым келді.
Өзіңді қорғау арқылы өзгенің өмірін сақтаңыз, қадірлі оқырман! Жақсылық жасау және сақтық шараларын сақтау бәріміздің қолымыздан келеді. Тек соны ұмытпайық!
Жансая Сүндетова,
Жаңақала ауылының тұрғыны