22.02.2022, 16:45
Оқылды: 48

Жалған ақпараттардан сақ болыңыз!

Қазіргі таңда әлемде жалған ақпараттар легі басым. Бұның салдарынан халық арасында түсініспеушілік пен араздық пайда болып, ресми ақпараттар жоққа шығарылады. Дегенмен жалған ақпараттарды анықтайтын фактчекерлер бар. Олар белгілі бір ақпараттың рас немесе өтірік екенін дәлелді түрде анықтайды. Солардың қатарында STOPface.kz ақпарат агенттігінің фактчекерлері бар. Фактчекерлердің соңғы уақыттары жиі таралған жалған ақпараттарға дәлелдемелерін назарларыңызға ұсынамыз.

Жалган акпараттардан сак болыныз (2)

 

Алаяқтар қазақстандықтарды әуе компаниясы атынан алдауда.

WhatsApp-та AirAstana компаниясы өзінің 20 жылдығына орай жүргізіп отырған сауалнамаға сілтеме таратылуда. Парақшада қатысушылар сыйлық ретінде 100 000 теңге сыйақы ала алады делінген. Бұл – фишинг.

AirAstana-ның ресми сайтында мұндай ұтыс ойыны туралы жазылмаған. Сондай-ақ бұл туралы компанияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында да айтылмаған. Сонымен қатар әуе тасымалдаушының Instagram-дағы парақшасында «Air Astana әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында немесе airastana.com сайтында ғана ұтыс ойындарын, конкурстар мен акциялар өткізеді. Сіздерден сақ болып, алаяқтардың әрекеттерінен аулақ болуға шақырамыз» деп жазылған.

Демек пайдаланушыларға ұсынылып отырған сауалнама әуе компаниясының ресми порталында немесе оның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланбағандықтан, оны шынайы деп санауға болмайды. Яғни бұл сауалнама – алаяқтардың ісі.

Интернет-алаяқтықтың бұл түрі «фишинг» деп аталады. Оның көмегімен қаскүнемдер пайдаланушылардың дербес ақпаратын, банк карталарының дерегін, жеке және ақылы аккаунттардың логиндері мен парольдерін иемденеді.

Қазақстанда перзентханаларда сәбилерге COVID-19 індетіне қарсы вакцина егіледі.

Әлеуметтік желілерде нәрестелерді COVID-19 індетіне қарсы вакцинасыз перзентханадан шығармайтыны туралы ақпарат тарады.ҚР ДСМ-нің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, мұндай апараттар – фейк.

– Біздің елімізде де, әлемде де жаңа туған нәрестелерді COVID-19 індетіне қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатқан жоқ. Қазақстанда 12 жастан асқан балаларға ғана COVID-19 жұқпасына қарсы екпе салынады. Рұқсат етілген вакцина – Pfizer/ BioNTech шығарған «Comirnaty». Оны ДДСҰ мақұлдады. Қазақстанда 12 жастан асқан жасөспірімдерді тек олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының ерікті келісімімен ғана вакцинациялайды, – деді ол.

Ержан Байтанаев қазақстандықтарды көрінеу жалған ақпарат таратпауға шақырды және елімізде мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Жалган акпараттардан сак болыныз (1)

Әлеуметтік желілерде Иманғали Тасмағамбетовтің фейк аккаунттары пайда болды.

Facebook пен Instagram-да Иманғали Тасмағамбетовтің атынан ашылған фейк парақшаларды көруге болады. ҚР-на танымал мемлекеттік қайраткердің бұл аккаунттарға қатысы жоқ.

Мысалы, Instagram-дағы осындай аккаунттардың бірі – tasmagambetov_ official парақшасына 45 мыңнан астам адам жазылған, екіншісі – imaangali_tasmagambetov парақшасына жазылушылар саны мыңнан асады. Facebook-те де оның атынан парақшалар ашылған. Иманғали Тасмағамбетов әңгіме барысында Stopfake.kz-ке бұл аккаунттарға қатысы барын жоққа шығарды. Ол әлеуметтік желілерде парақшалары жоқ екенін айтты:

«Құрметті достар!

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде менің атымнан түрлі тақырыпта арандатушылық ақпарат жүктелген жалған аккаунттар мен парақшалар пайда болып жатыр. Сөз жоқ, бұл жеке менің абырой-беделімнен бөлек, әрбір азаматтың ғаламтордағы қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатерді көрсетеді. Ресми түрде мәлімдеймін, менің әлеуметтік желіде ешқандай парақшам жоқ. Баршаңыздан мұндай арандатуға қарсы тұрып, жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын.

Құрметпен, Иманғали Тасмағамбетов.»

Қазнетте чектерді қолдан жасау туралы видео таратылуда.

Желіде Тelegram-бот арқылы банктік чекті қолдан жасаған пайдаланушының видеосы тарады.Kaspi.kz мамандары алаяқтықтың бұл түрінің құрбаны болмаудың жолдарын бөлісті.

Kaspi.kz мамандарының айтуынша, қазіргі кезде жалған чектер шығаратын бот бұғатталды. Алайда алаяқтар графикалық редакторлардың және өзге де бағдарламалардың көмегімен электрондық құжаттарды қолдан жасауы мүмкін.

«Алаяқтардың құрбаны болмас үшін әрқашан сақ болуды және Kaspi. kz мобильді қосымшасында ақшаның түскенін бірден тексерулеріңізді сұраймыз. Қаражаттың әрбір қозғалысы – сатып алу, алу, толықтыру немесе аудару бойынша «Хабарламалар» сервисі арқылы хабарлама келеді. Сондай-ақ барлық операцияның тарихын Kaspi Gold-та «Менің Банкім» бөлімінен көруге болады. Мұндай қарапайым сақтық шарасы көп уақытты қажет етпейді, бірақ баршаңызды алданып қалудан сақтайды», – дейді Kaspi.kz мамандары.

Гаагадағы Халықаралық сот COVID-19 пандемиясын геноцид деп таныды.

WhatsApp мессенджерінде «COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемде аяқталады, өйткені Гаагадағы Халықаралық сот оны геноцид деп таныды және оның пайда болуы мен дамуына қатысы бар бірқатар адам сотталды» деген ақпарат тарады. Мұның бәрі өтірік.

Шын мәнінде Гаагадағы Халықаралықсот мұндай істерді қараған жоқ. Сот сайтында бір уақытта геноцид пен пандемияға қатысты сот ісі туралы ақпарат жоқ.

Сот COVID-19 пандемиясын геноцид деп таныды деген қауесет кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «Халықаралық жалпы құқық соты осындай шешім шығарды» деген ақпарат жарияланғаннан кейін тарады. Алайда бұл шешімнің заңды күші жоқ, өйткені соттың өзі ресми түрде жоқ және оны ешкім еш жерде мойындамайды. Оны құрушы – қастандық идеяларын таратып, дәріптегені үшін жұмыстан шығарылған бұрынғы пастор Кевин Аннет. Ол сондай-ақ Канада аумағында өзінің ешкімге танылмаған Каната республикасын құрып, мемлекет толығымен легитимді деп мәлімдеді. Кевин Аннет пен ол құрған сот туралы толығырақ мына жерден оқуға болды.

Тіркелмеген соттың шешімі туралы алғашқы хабарламада 75 адам «айыпты» деп танылды, оның ішінде Рим Папасы, Патшайым Елизавета II, Канада Премьер-министрі Джастин Трюдо, «Pfizer» бас директоры Альберт Бурла және т.б. бар. Онда Елбасы мен ҚР Президенті туралы айтылған жоқ. Яғни аудио хабарламаның бұл бөлігін хабарлама авторы ойдан шығарған.

Демек Гаагадағы Халықаралық сот COVID-19 пандемиясын геноцид деп мойындаған жоқ және мұндай шағымдарды қарастырмаған.Мұндай шешімді жоқ елде құрылған сот шығарған, сондықтан оған шын деп қабылдаудың қажеті жоқ.

Құрметті оқырман!

Егер де қандай да бір күмәнді ақпараттан хабардар болсаңыз, редакциямызға хабарласыңыздар! Біз нақты, ресми ақпараттарды назарларыңызға ұсынатын боламыз. Жалған ақпарат таратқаныңыз үшін заңды жауапкершілік бар екенін ескеріп, сақ болыңыз!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале