19.05.2025, 10:45
Оқылды: 160

Жалпақтал ауылындағы «Суқұрылыс» шағынауданының тұрғындары садақа берді

Казталов ауданы, Жалпақтал ауылының ел аузында «СуҚұрылыс» (Водстрой) шағынауданы деп аталып кеткен Арай, Бейбітшілік, Құрманғазы, Сағындық Ерешов атындағы көше тұрғындарының ынтымақ-бірлігінің арқасында ауыл шетіндегі бабалар зираты басында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» қағидаты аясында тасаттық жасалып, садақа берілді.

IMG-20250518-WA0045

Көше тұрғындарының өздері бастама көтеріп, жүзеге асырған сауабы мол қайырымды істі ауызбірлікпен осы көшеде тұратын ел ағалары бастап, ауыл жастары қостап аз уақытта бір деммен атқарып шықты. Шара барысында еңкейген кәріден бастап, ойын балаларына дейін жиналып арнайы мал сойып, өмірден өткен марқұмдарға құран бағыштап, садақа асын берді. Сауабы мол айтулы шараға басқа көшенің жергілікті тұрғындары да көппен бірге қатысып, игі бастаманың басынан табылды.
Жастарының алды тоқсаннан асып, соңы сексенді алқымдаған аталмыш төрт көшенің қазыналы қарттары сауапты шараны бір кісідей ұйымдастырып, жүзеге асырған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале