Казталов ауданы Жалпақтал ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт ардагері Нұрлан Қауметовтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен облыстық турнир өтті. 2009-2010 жылдары туған жасөспірім палуандар бәсекесіне өңір аудандары мен Орал қаласынан келген жас қазақ күресі шеберлері бақ сынады.
Аталмыш жарыста Бәйтерек ауданының палуандары да төбе көрсетті. Нәтижесі де жаман емес. Екі күнге созылған бәсеке қорытындысында 46 келіде өнер көрсеткен Ермахан Ерсайын мен 50 келі тартатын палуандар бәсекесінің көркін қыздырған Валерий Козорезов үшінші орын иеленсе, 55 келіде белдескен Даниил Пчелинсов финалға дейін алқынбай жеткенімен, ақтық сында қарсыласына жол беріп, күміс медальды қанағат тұтты.
"Жекпе-жек" спорт клубы атынан барған Бәйтерек ауданы палуандарының бапкері Манарбек Кенжеғалиев шәкірттерінің өнеріне көңілі толатынын айтады.
-Үш шәкіртім жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әсіресе егіндібұлақтық Ермахан Ерсайынның өнері көпшілікке ұнады. Даниил мен Валерий де барын салды. Ауданда күреске соның қазақ күресіне қызығушы жеткіншектер көп. Болашақта балалардың шеберлігін шыңдай түсіп, бәсі биік додалардың алдын бермеуге тырысамыз,-дейді бапкер Манарбек Кенжеғалиев.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz