16.06.2024, 17:45
Оқылды: 298

Жалпақталда әкелер форумы өтті

Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылындағы Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мәжіліс залында еліміз бойынша маусым айының үшінші демалысында атап өтілетін «Әкелер күні» мерекесіне орай «Асқарым бар ең биік әке деген» атты аудандық әкелер форумы өтті.

20240615120107_IMG_9985

Отбасының қарым-қатынасындағы сенімділік пен сыйластықты қалыптастырып, бала тәрбиесіндегі әке рөлінің ерекше екендігін түсіндіруге арналған айтулы форумға ауданымыздың әр округінен арнайы шақырылған әкелер делегациясы мен форумның спикерлері қатысты. Шара барысында форум қонақтары қолөнер көрмесімен танысып, мектеп мұражайына саяхат жасады.

«Әр бала – отбасының, әр азамат – мемлекеттің көрінісі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Ұрпақ тәрбиесінде әкенің алар орны өте маңызды. Өмір сүру дағдысында күзетшіден бастап министрге дейінгі кез-келген қызметкерді ауыстыруға болады. Бірақ, жақсы әкенің орнын алмастыру мүмкін емес» дейді білімпаздар. Әр шаңырақта әкенің алар орны ерекше. Әке - отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы мен өзгелермен қарым - қатынасы, өнері мен білімі оған қарап өсетін әр баланың нысанасы болып қалатыны жасырын емес. Ер баланың өсіп, жетіліп, жеке тұлға болып қалыптасуына, әкенің атқарар еңбегі ерекше. Жастайынан әкенің қатал қабағынан қаймыққан, әке тағылымына бас иген перзент — еш уақытта әкесінің жанарын төмен қаратпайды. Бүгінгі әкелер форумының спикерлері Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, зерттеуші педагог, дзю-до күресінің жаттықтырушысы, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, ауданымыздың құрметті азаматы, Жеңіс Стамғазиев, Казталов ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Біржан Баймұханов, республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері, кәсіпкер, көп балалы әке Дулат Ниетқабылов, жалпақталдық танымал қолөнерші, 6 метрлік «Алтын домбыра» туындысының авторы Сайранбек Қажиақпаровтарға құрметті төр ұсынылып, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова шақырулы қонақтарды бүгінгі «Әкелер күні» мерекесімен қызу құттықтады.

20240615120243_IMG_9987

Әке сөзімен – мейірімділік, ержүректік, әдептілік, батылдық ұғымдары біте қайнасқан. Сондықтан әкенің балаға деген шексіз тәрбиесін басқа жан мүлдем алмастыра алмайды. Әр бала әкесі мен анасының өздеріне деген шексіз махаббатын сезінгісі келеді. Бақытты бала тек қана бақытты ата-аналарда ғана болады. Сондықтан форумға қатысушы ер жүрек әкелер бүгінгі тәрбиелік мәні зор айтулы шарадан үлкен әсер алды.

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале