17.08.2020, 12:19
Оқылды: 69

Жалпақталда алма бағы болады

Қазақ жерін алманың отанына балап, көпке үлгі тұту арқылы әлем жұртының мойындағанын баспасөз беттерінен оқып жүрміз. Расында, Қазақстан алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыда дәлелденді. Әлем халқы үшін үлкен маңызға ие болған бұл өсімдік біздің жерден бүр жарып, жер жүзіне тарады. Алма өсімдігі арқасында Алматы қаласын дүние жүзі түгел біледі десем артық айтқаным болмас. Жалпы, алма ағашын өсіру бүгінде еліміздің барлық аймақтарында тамырын кеңге жайып келеді. Оны өсіруді қолға алған өңірлердің ішінде біздің облысымыз да бар.

Alma (1)

Бұрын біздің Казталов ауданының Жалпақтал өңірінде алманың бірнеше түрі өсіп, алма бағы көздің жауын алып, жайқалып тұратын еді. Бала күнімізде Қараөзенді бойлай отырып, жасырын түрде алма бағына қарай жиі жол салушы едік. Қазір оның бәрі ертегідегідей ғайып болды. Шынымды айтсам, бүгінде ауласында жеміс ағашын көптеп өсіретін отбасылар мүлдем аз. Осыны көріп, жүрегімен сезініп өскен ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Әділбек Нұғыманов ауыл шетінен алма бағын салуды қолға алды. Осыған дейін Жалпақталдағы кәсіптік салада өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген ол жас кәсіпкер қатарында жерлестеріне кеңінен таныла бастады. Басқасын айтпағанда биыл Әділбек Болатұлы өздерінің орта мектепті бітіргендеріне 20 жыл толу құрметіне орай сыныптастастарымен бірігіп, алтын ұя мектептерінің алдына демалыс алаңын салып, жерлестеріне тарту еткен болатын.

Alma (2)
– Ауыл шаруашылығы жағдайында бір ғана сала бойынша еңбек ету кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Сондықтан өзім туып-өскен ауылдан алма бағын ашуды жоспарлап, қолға алдым.
Бастапқыда бұл идеяның жүзеге асуына күмәнмен қараған жандар көп болды. Өзімнің де сенімім аздау еді. Алайда тәуекелге бел буғасын көп ізденуге тура келді. Қазір шүкір, жоспарлаған жұмысымыз алға басып, алма ағаштары жеміс бере бастады. Бір ерекшелігі біздің бақта алманың күз айларында кештеу пісетін бірнеше түрі жабайы алмамен будандастырылған түрі өсіп келеді. Бұл тәсіл тәжірибеде бұрыннан бар екен. Себебі, жабайы алмамен будандастырыла егілген жеміс ағаштары жер қыртысын талғамайтын көрінеді. Біздің салған алма бағымыз ауылдастарымыз үшін тиімді болғалы тұр. Егілген жеміс ағаштары алдағы күз айларынан бастап өнім бере бастайды. Сол кезде біздер алманың жас талдарын егіп, кәсібімізді әрі қарай ұлғайтуды қолға аламыз, – дейді кәсіпкер

Alma (3).
Басты мақсат деп табыс көзіне салмақ салсақ, әрі қолға алған нәтижелі жұмыс өз жемісін берсе, алдағы екі-үш жылда жергілікті жердегі алма өнімін нарыққа да шығаруға әбден болады. Бұл – бүгінгі заманның талабы.
Соңғы кезде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Осындай оңды бастамалар нәтижесінде ауданымызда бұл саланың да көкжиегі кеңейсе екен дейміз.
Бұрыннан Жалпақтал ауылы жасыл желекті елді мекен болатын. Онда бір кездері алма бағы да жайқалып өскенін көзімізбен көрдік. Қазір сол бағымыз жойылып кеткесін, туған жерін түлетіп, аталған орынды қайта жаңғыртуды қолға алған жеке кәсіпкер Әділбек Нұғымановтың соны бастамасы қуанарлық.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале