15.06.2020, 11:39
Оқылды: 52

Жалпақталда ауыз су мәселесі шешімін табады

Бүгінгі таңда барлық жерде су тапшылығы сезіліп отыр. Өйткені ол – қажетті ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы.

su (2)

Географиялық орналасуы, табиғи-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты біздің Казталов ауданында да су мәселесі үнемі қадағалауда ұстауды қажет етеді. Ол мәселеге аудан әкімі мен осы салаға жауапты жергілікті басшылар әбден қанық. Біздің ауданымызға қарасты
Жалпақтал ауылында ауыз су мәселесі өткір күйде тұрғаны әмбеге аян. Ол жер үстіндегі суларға (өзенге) тікелей тәуелді. Осыған орай өзен сулары жылда жаңғырып, қалыптасып отырады, ол бірнеше жылдар бойы жиналатын қор емес. Сондықтан осы факторды ескере отырып, ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етудің тиімді жолдарын іске асыру жолында мамандар су тұтынуды шектеуге мәжбүр болады. Ауылды ауыз сумен қамтамасыз етудің түрлі болжамдарын жасасақ, қазіргі кездегі қалыптасқан үрдісте су пайдаланудың мәселелерін іске асыруға мүмкіндіктер бар. Ол үшін суды үнемдеу технологияларын енгізіп, сумен қамтамасыз етудің ортақ жүйесін іске асыру қажет. Соңғы жылдардағы климаттық үрдістерге қарасақ, температура жы­лы­ған сайын жазық аудандарда су азайып барады.
Айталық, табиғат заңдылығында мол сулы немесе аз сулы кезеңдер жиі кездеседі. Ондай кезең бір-екі жыл емес, кейде ұзақ мерзімге созылуы да әбден мүмкін. Бұл жағдайда қос өзеннің тартылып кету қаупі болмаса да суы азаятыны белгілі. Сондықтан осы мәселенің алдын алмасақ, ауыз суға зарығып қалуымыз әбден мүмкін.

su (1)
Біздің ауданымыздың үстімен екі өзен – Қараөзен, Сарыөзен ағып жатыр. Олар Ресейден бастау алады. Қазіргі кезде біраз елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін қос өзен біздер үшін тікелей тіршілік көзіне айналуда.
12 маусым күні Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев сала мамандарының басын қосып, Жалпақтал ауылындағы ауыз су мәселесіне орай қордаланған түйткілдердің жан-жақты шешімін табу жолында кеңейтілген жиын өткізді.  Тиісті сала басшыларына шұғыл тапсырмалар берді.
Кеңейтілген отырыстан кейін аудан әкімінің тапсырмасын алған мамандар бірден іске кірісіп, күн тәртібіндегі мәселелерді шешу жолдарын ақылдасты.
– Жергілікті тұрғындарды ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі жайында аудан әкімдігі тарапынан нақты тапсырмалар алынды. Бұл орайда алда атқаратын ауқымды шаралар өте көп. Сондықтан сөз бен істің арасын біріктіру үшін уақыт өткізбей іске кіріскен абзал. Жоспарланған жобалы істер жүзеге асатын болса Жалпақтал жұрты жуық арада тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Сондықтан уақытша кездескен келеңсіздіктерге бола шыдамсыздық көрсетпей, тұрғындарға түсіністікпен қарап, сабырлылық танытқан жөн болады, – дейді «STROYCONSALTING» ЖШС-нің техникалық директоры Алмаз Өтежанов.
Жамандықтан гөрі, жақсылыққа көбірек үміт артатын бойдағы бекзаттығымызға тән, біз де ауыл халқының уақытша кездескен қиыншылықтарға түсіністікпен қарауын қаладық.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале