10.04.2025, 21:00
Оқылды: 100

Жалпақталда Радик Қаймулдиевті еске алуға арналған патриоттық шара өтті

Бүгін Жалпақтал ауылындағы жастар «COWORKING» орталығында Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің ұйымдастыруымен Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыста ерлікпен қаза тапқан шыңғырлаулық жерлесіміз Радик Қаймулдиевті еске алуға арналған «Өшпес ерлікке – мәңгі тағзым» атты әскери-патриоттық шара өтті.

IMG_5281

Ауыл жастарына патриоттық тәрбие беру мақсатында жүзеге асқан бұл шараға мерзімді әскери борышын өтеу кезінде Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысып, ерлік көрсеткен жерлес ардагерлеріміз Нұдәулет Садыков (Сарықұдық), Әділбек Ғиззатов (Көктерек), Сағадат Сұлтанов (Жаңажол), Талғат Әбішев (Жалпақтал) және колледж ұстаздары мен студенттері қатысты.
IMG_5252
Аталмыш шараны шақырулы қонақтарға қош келдіңіздер айтып, алғы сөзбен ашқан колледж директоры Жасұлан Ғұмаров кездесу кешінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. -Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі кеңінен аталлынуда. Осыған орайластырып бүгінгі күннің батырлары атанып, Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдар мен әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлерді құрметтеп, олардың ерліктерін жастарға насихаттау маңызды іс. Қазақта «Елдің атын ер шығарады» деген нақыл сөз бар. Еліміздің шежіресін саралайтын болсақ олар біздің бүгінгі батырларымыз. Себебі, осыдан тура отыз жыл бұрын Тәжікстанның Пшихавр шатқалында жауынгерлеріміз өздерінің борыштарын абыроймен атқарып, әскери антқа адал екенін дәлелдей білді. Қантөгіске ұласқан бітімгерлік операцияға 1992-2001 жылдары аралығында 10 мыңдай қазақстандық сарбаз қатысса, оның 350-і батысқазақстаннан болған екен. Ұрыс даласында жерлесіміз, Шыңғырлау ауданының тумасы Радик Қаймулдиев ерлікпен қаза тапты. «Ер – елдің қорғаны» десек, қашанда ер-азаматтарымыздың қоғам алдындағы бағасын асырып, мерейін тасыта берейік! Батырлықтың үлгісін көрсеткен сарбаздар есімін ұлықтау, ерлігін ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы, - деді Жасұлан Неғыметұлы.
Шараға қатысушылар Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аталмыш кеште жастар «COWORKING» орталығының әдіскері Асылжан Нұрланұлы «Қазақстаным» әнін орындап, Ғинаят Молдашев атындағы ЖОББ мектебі мен Жалпақтал колледжнің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары Бауыржан Қажиев, Айболат Қыдыров құрметті қонақ болып қатысқан ардагерлерге Алғыхаттар табыс етті.

Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале