Жуырда Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылдық округі әкімдігінде жоғары білікті ұстаз, педагог-зерттеуші, К. Меңдәлиев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Абылай Молдашевтің пайғамбар жасына толып, зейнеткерлік демалысқа шығуына орай жиын өтті.
Кездесу жиынына еңбек ардагерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, аудандық мәслихат депутаты, мектеп директорлары қатысты. Ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы Данияр Мусаев кездесу жиынын ашып, туған күн иесін құттықтады.
Өз кезегінде Данияр Маратұлы Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлбекұлының атынан "Құттықтау хатын" табыстап, иығына шапан жапты. Жалпақтал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешев, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гүлнәр Сапахова, еңбек ардагерлері Бисенғали Айтжанов, Амангелді Кәкімов, Қадырболат Жұбашев, аудандық мәслихат депутаты Рауан Есенғалиев, қоғам белсендісі Болатбек Сарманов пен осы жолдардың авторы және Ғ. Молдашев атындағы ОЖББ мектебінің директоры Мәншүк Жексенова мен К.Меңдәлиев атындағы ОЖББ мектебінің директоры Салтанат Өтеғұлова Абылай Жәрдемұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, туған күн иесінің өмірі мен қызметінен азды-көпті естеліктер айтты.
Пайғамбар жасына толып отырған Абылай Жәрдемұлы сөз алып, құрмет көрсетіп жатқан Ғаділбек Әлбекұлы бастаған ауыл әкімі аппаратының ұжымына игі тілектерін жолдаған ауылдастарына шынайы алғысын білдірді.
1960 жылғы 8-ші қараша күні Жаңақала ауданы, Саралжын ауылдық кеңесі атқару комитетіне қарасты С.Киров ұжымшарында өмірге келген Абылай Жәрдемұлының балалық және жастық шағы қасиетті Қамыс-Самар елінде өтті. Гурьев педагогикалық институтын аяқтаған оның 1988 жылдан бермен қарайғы 35 жыл өмірі қазіргі Жалпақтал ауылында өтіп келеді. Кәсіптік училещемен (қазіргі колледж) К.Меңдәлиев атындағы ОЖББ мектебінде жас жеткіншектерге тарих пәнінен сабақ беріп келеді. Қызмет бабында да, қоғам өмірінде де, бірталай белестерді бағындырып, бірқатар марапаттардың иеленген ел азаматы. Өткен 2022-ші жылғы тамыз айында мұғалімдердің Республикалық тамыз кеңесіне арнайы делегат болып қатысып, сол кездегі ҚР Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің қолынан "Құрмет Грамотасын" алғанын ауылдастары мен жерлестері жақсы біледі.
Миржан Қарабалин,
Казталов ауданы
Жалпақтал ауылы