Жалпақтал ауылында «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен алда өтетін Олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында волейболдан облыстық жарыс өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық спорт бөлімінің бастығы Берік Рақымғалиев, аудандық мәслихат депутаты Мәди Меңдешов, жарыс демеушісі Манарбек Наурызғалиев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Өңірімізге қарасты Сырым, Теректі, Бәйтерек, Казталов аудандары мен Қараөзен ауылының волейболшылары қатысқан тартысты жарыста жүлделі ІІІ орынды Теректі ауданы, ІІ орынды Қараөзен ауылы, І орынды Сырым ауданы командалары өзара бөліссе, жарыстың «Үздік қорғаушы» аталымына Нұрбек Мансұров (Бәйтерек), «Үздік ойыншы» аталымына Жастілек
Есенғалиев (Сырым), «Үздік шабуылшы» аталымына Салауат Қажығалиев (Теректі) және «Үздік байланыстырушы» аталымына Асылбек Ғалиев (Қараөзен) лайық деп танылды.
Ал ауылдық жердегі облыстық жарыстың ойдағыдай өтуіне тікелей атсалысып, жүлдегерлерге қаржылай демеуші болған жеке кәсіпкер, спорт жанашыры, қараөзендік жерлесіміз Манарбек Наурызғалиев ІІІ орынға 50 000 теңге, ІІ орынға 70 000 теңге, ІІІ орынға 100 000 теңге ақшалай сыйлық тігіп, жарысқа қатысушы спортшылардың қанжығасын майлады.
Жарыс қорытындысында жүлдегерлер мен үздік ойыншылар арнайы дипломдармен, медалдармен марапатталды.
Қыдыр Харесұлы