Еліміз егемендік алған алғашқы күннен бастап Жалпақтал ауылының көшелеріне батыр аналарымыз бен аталарымыздың есімдері берілген болатын. Солардың қатарында әлемге әйгілі ғарышкерлер қаласы Байқоңырдың, «Қазақ ССР-ы мал шаруашылығының шебері», Социалисттік Еңбек Ері, аға шопан болған анамыз Қайша Миханованың, Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің есімдері Жалпақтал көшелеріне беріліп, ауыл ажарын айшықтады.
Жалпы бір-біріне іргелес жатқан осы көше тұрғындарының сыйластық, бірлік, құрметтері ешқашан толастаған емес. Жалпақтал ауылдық округі әкімдігінің тікелей ұйытқы болуымен ұйымдастырылған көше тойы мерекелік фестивалінің бүгінгі кезегі аталмыш көшелердің тұрғындарына жетті. Қазақ биімен көмкеріле ашылған көше тойы — шашу шашылып, әдемі ән-күйлермен айшықталды.
Жалпы, көше тұрғындарының тойы – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, татулықтың алтын діңгегіне айналуда. Ауыл тірлігі бақытты отбасылармен ажарлы. Сондықтанда шығар көше тұрғындарының фестиваліне арналған бүгінгі мерекелік кеш Жалпақтал ауылының әрбір отбасына деген құрметпен басталды. Онда 60 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, осы көшенің тұрғыны атанған құрметті ақсақал Серік Өтеғалиев пен «Күміс алқа» иегері, еңбек ардагері Рәзия Бахиева анамызға үлкен құрмет көрсетіліп, өздерінің немересі Асылжан Нұрланұлы мен кішкентай әнші бүлдіршіндердің орындауында «Ана» әні тарту етілді.
Аталмыш көшелер туралы мәліметке кезек берсек, бұл көшелерде қазақ, орыс, әзербайжан, татар ұлт өкілдерінен тұратын 64 отбасында ұзын саны 250 адам бар екен. Осылардың арасынан Өтеғалиевтер жанұясы «Үлгілі отбасы» болып танылса, Байқоңыр көшесінен Курашевтар, Тоқтар Әубәкіров көшесінен Бердалиевтар, Қайша Миханова көшесінен Есениязовтар отбасы «Үздік аула» аталымына ұсынылып отыр. Ауыл тұрғындарына арналған фестиваль аясындағы концерттік шарада көше тұрғындарынан құралған «Әжелер ансамблі» мен «Алдановтар жанұялық ансамблі» ән-күйден тамаша нөмірлер сыйласа, Байқоңыр көшесінде орналасқан аудандық Жалпақтал электр торабы мекемесі күні бүгінгі басшысы, көше тұрғыны Бауыржан Мұратұлының қолдауымен мәдени шараға белсене қатысып, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ көше тұрғындары арасынан шыққан өнерпаздар Гаяз Мазгутов, Сәуле Искалиева, Томирис Азаматқызы мен Нұрай Асыланқызы, әнші Шайзада Елжанова, Лариса Каримуллина, жас бишілер Зертай мен Айару Болатбекқыздары тамаша өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ауылымызда осындай көше тойлары тарқамай, еліміз берекелі тірлігін жалғай берсін...
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz