Бүгін Жалпақтал ауылында «Нұр наурыз-халық тойы» атты Ұлыстың Ұлы күні кең көлемде аталып өтті.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз — Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған.
- Біз әр күнімізді өсу мен дамуға, ырыс пен берекені нығайтуға арнаған ынтымағы мол елде өмір сүріп отырмыз. Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні. Бұл мезгілде күн мен түн теңеліп, төрт түлік төлдеп, ақ молайып, дүние жайнай бастайды. Сондықтан осынау қасиетті күнде Сіздерді аудан тұрғындары атынан Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жер бусанып, тіршіліктің жандана бастайтын тамаша уақытында ауыл халқы молшылық пен тоқшылыққа бөлене берсін, - деді салтанатты шараға қатысып, елді құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова.
Осыдан кейін — ақ түйенің қарны жарылған қуанышты сәт Жалпақтал ауылында өз салтанатын құрып, «Нұрлы Наурыз — халық тойы» атты мерекелік шара басталып кетті. Жалпақтал ауылдық округінде орналасқан барлық мекеме ұжымдары бірігіп ұлттық тағамдардан дәм ұсынылып, театрландырылған көріністер мен мың бұралған бишілердің әдемі билері көпшілік қауымға тарту етілді. Әз-Наурыздың құрметіне тігілген алты қанат киіз үйден ауылдың ақсақалдары мен сыйлы қонақтарына мерекелік Наурыз дәм ұсынылды. Одан басқа мерекелік шара барысында өлеңдер оқылып, шараларға қатысқан ауыл тұрғындарына Қызыр баба мен Наурыз көктемнің біздің елге арнап алып келген Наурыз қоржынынан - наурыз кәделелер таратылды. Той болған соң барлық шара қамтылатыны белгілі. Бүгінгі Әз-Наурыз тойында спорттық ойындар да қалыс қалмай, ауыл тұрғындарының қатысуымен қол күресі (білектесу) мен арқан тартудан мерекелік сайыстар оздырылып, спорттың екі түрінен де жүлдегерлер мен жеңімпаздар анықталды.
Шара соңында ауыл өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Нұрлы Наурыз - халық тойы» атты мерекелік концерт көпшілік қауымға ұсынылып, қос жарыстың жүлдегерлері мен жеңімпаздары мерекелік жүлде алып, салтанатты түрде марапатталды.
Осылайша халықтық сипатқа ие болған Әз-Наурыз тойы Жалпақтал ауылында жоғары деңгейде тойланды.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы