Қазталов ауданы орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Жалпақтал ауылында бір сыпыра игі істер қолға алынды. Ауылымыз абаттандырылып, ауылішілік жолдарға асфальт жол, жауя жүргіншілерге арналған тротуар төселіп, орталық саябағымыз жаңарып, ауыл орталығындағы қос қабатты тұрғын үйдің өзі мен-мұндалап тұрғандай.
Дегенмен әлі күнге шешімін таппай, өз кезегін күтіп тұрған ауқымды істер де жетерлік. Солардың бірі ауылдағы К.Меңдәлиев атындағы мектептің жанында орналасқан, қараған көзге «Қожанасырдың тамындай» болып көрінетін қосалқы ғимараттың бітпей тұрғандығы көз салған адамға оғаш көрінетіні шындық.
Әдетте құрылысы ұзаған нысанды «Сақалды құрылыс» деп жатамыз. Жарты жолға келіп тоқтап қалған бұл ғимараттың «сақалы» жерге жетуге таяу.
Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған жылы құрылысы басталған бұл мектеп 1993 жылы ел игілігіне берілді. Ал жанында орналасқан екі қабатты қосалқы ғимаратың ірге тасы қаланып, бірақ аяқталмай қалған болатын. Себебі дәл осылай «Айдаладағы ақ отау, аузы-мұрыны көп отау» болып сілейіп тұрғанына 25 жыл.
-Бүгінде мектебімізде 500 оқушы білім алуда. Бірақта сынып топтамалары көбейіп, сыймай жатамыз. Бір денешынықтыру залы аздық етеді. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық кабинеті де стандарқа сай емес. Негізі алғашқы әскери дайындық кабинеті болған соң олардың қару сақтайтын қоймасы, зертханасы бірге болу керек. Мектеп салынғаннан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Бұл қосалқы ғимаратқа жан бітер түрі жоқ. Мектеп жанындағы екі қабатты қосалқы ғимаратты аудандағы басшылық қызметке келген әкімдерге де айттық. Істеліп жатқан ештеңе жоқ. «Баяғы жартас, бір жартас»,-дейді мектеп басшысы Салтанат Кәрімқызы.
Ал мектептің шаруашылық жөніндегі орынбасары Есболат Батырғалиевтің айтуынша бұл екі қабатты қосалқы ғимараттың бірінші қабаты шағын денешынықтыру залы болса, екінші қабаты алғашқы әскери дайындық кабинетіне арналған екен. 2009 жылы мектепке күрделі жөндеу жүргізілердің алдында жобалық сметалық құжат дайындалған уақытта бұл екі қабатты қосалқы ғимараттың іргетасы жарылған, қабырғасы сөгілген деп кейін қалдырған.
Сағымға айналған «сақалды құрылысқа» жан бітсе, жаңа оқу жылында мектеп оқушылары шағын дене шынықтыру залында, алғашқы әскери дайындық кабинеттерінде жаттығады деген үміттеміз.
Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!