Жуырда волейболдан өткен Жалпақтал ауылындағы турнир еңбек және спорт ардагері, өңірге танымал тұлға Зинат Ғаббасұлының өмірден өткеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған еді. Спорттық шараны Зинат Ғаббасұлының ұрпақтары толықтай өз мойындарына алған болатын. Айтулы жарысқа Жалпақтал ауылынан 9 команда қатысып, жарыстың көркін қыздырды. Оның ішінде Зинат ағамыздың бес немересі Ақжол-Әйгерім, Дәурен, Мұхтар, Дәулет, Қайрат және жиені Мәди «Әулет» командасы құрамында ойнап, жоғары дәрежеде жанкүйерлер ілтипатына бөленді.
Жалпақталдың төл тумасы Зинат Ғаббасұлы — 1 маусым 1940 жылы көп балалы жанұяда дүниеге келген. 1956 жылы Фурманов орта мектебін және 1961 жылы Саратов ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын Алтын медалға үздік бітіріп, еңбек жолын туған ауылында бастаған. 1968 жылы Жалпақталдағы «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігінің басқарушысы қызметіне тағайындалып, сол тұста типтік жобадағы озық технологиялармен жабдықталған ірі шеберханалар, қосымша цехтар, машина, трактор аулаларын іске қосып, мекемедегі 200 жұмысшының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шешуді басты назарда ұстаған. Ол қарауындағы бірлестік маңынан қосымша қаржы көзін тауып, балабақша, жастар демалатын орын, клуб, кітапхана, спортзал, асхана, монша, тұрғын үй салғызған іскер басшы болды. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, бірнеше мерекелік медальдармен, мақтау қағаздарымен марпатталды.
Осындай айтулы тұлғаның құрметіне өткізген аталмыш жарыста Жанеділ Муликов «Үздік ойыншы», Асылан
Алданов «Үздік байланыстырушы», Сатыбалды Дәуітов «Үздік қорғаушы» аталымдарына ие болды. Ал өздерінің шебер ойындары арқылы жүлделі ІІІ орынды Дина Нүрпейісова көшесі командасы, ІІ орынды біріккен Байқоңыр, Тоқтар Әубәкіров, Қайша Миханова, Жеткіншек көшесінің командасы, ал І орынды біріккен Ишанғали Меңдіханов пен Бауыржан Момышұлы көшесінің командасы жеңіп алып, жарыс чемпионы атанды. Жарыстың арнаулы аталымдарына ие болған ойыншылар Зинат Ғаббасұлының ұрпақтары арнайы тіккен 5 000 теңге ақшалай сылығына ие болса, жарыс жүлдегерлері сәйкесінше 50 000 (ІІІ орын) теңге, 70 000 (ІІ орын) теңге, 100 000 (І орын) теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Санжар Ғұбайдуллин, Орал қаласынан келген Зинат Ғаббасұлының еңбекте де, спортта да төл шәкірті атанған Бауыржан Қабдекенов, Зинат әкеміздің үлкен ұлы Нәбиолла Ғаббасов, Жалпақтал балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айбар Мұғалбаев, көршілері атынан Иманғали Сисенов Зинат Ғаббасұлының өмірде айтулы тұлға болғанын тілге тиек етті.
-Еліне еңбегі сіңген ердің ерен еңбегі еленуі тиіс қой. Жалпақтал ауылының өңірімізге танымал болған спорт ардагері Зинат Ғаббасұлына ұрпақтарының ұйымдастырып отырған волейбол жарысы өте орынды деп санаймын. Болашақта бұл жарыстың деңгейі көтеріліп, аудан көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылғаны абзал. Зинат ақсақал жастайынан білімге құштар болған, мектепті де, жоғары оқу орнын да қызыл дипломмен аяқтаған білімді жан. Ол туған ауылын түлетіп, Қараөзен өзеннің екінші бетінде орналасқан аудан орталығының шағын бөлігін кішігірім ауылға айналдыра білді. Қос көшеде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттылған барлық инфраструктуралық құрылымдар бой көтерді. Атап айтар болсақ, балабақша, монша, клуб, кинотеатр, спортзал мен спорт алаңы, бильярд пен кіші теннис ойнайтын арнайы жабық ғимарат, алмабағы, асхана, кітапхана, дүкен жұмыс істеді. Жай ғана ортаңқол мекемені басқара отырып алақандай ауылды осындай нысандармен қамтамасыз етті деп мақтанышпен айтсақ, бүгінде ертегі айтқандай боламыз. Шындығында солай болғаны рас. Өз басым орта жастан асып, өткен күнді ой елегінен өткізіп отырсам, осының бәрі ел игілігі үшін істелген қыруар шаруа екен. Мысалы, Жалпақталдың жергілікті тұрғындары арасында «Сельхоздың спортзалы» деген атаққа ие болған зәулім ғимарат бар. Ол жай ғана спортзал болған жоқ. Оны жұрт «Кинотеатр» ретінде де пайдаланып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелерін жүргізіп, сайлау өткізіп, жаңажылдық кештерді де атқаратын керемет орынға айналдырды. Міне, ғажап деген осы. Оған таңданбасқа болмайды. Кезінде осынау ауқымды істі жүзеге асырған Зинат Ғаббасұлының жасы сол тұста бар болғаны 29 жаста болған екен. Ойлап отырсам, сол кезде ортаң қол мекеме түгілі, кейбір ірі ауылдарда бұндай ғимараттар бой көтерген емес! Марқұм Зинат әкеміз тау қопарып жатса да «мен істедім» деп айтпайтын және көп сөзге жоқ, нағыз істің адамы болып еді. Алғашында ауылдастардың ұйымдастыруымен Зинат Ғаббасұлын еске алу құрметіне арналған ауданаралық волейбол жарысы өтіп жүрді де, соңғы жылдары тоқтап қалды. Биыл, осы олқылықты ұрпақтары қолға алып, қайтадан жандандырып жатыр. Мен ол шараға белгілі себептермен қатыса алмасам да, қатты қуанып отырмын. Лайым, осы турниріміз заңды жалғасын тауып, ауыл спортшыларының асыға күтетін жарысына айнала берсін деп тілеймін, - деді аталмыш жарысқа өзі келе алмаса да телефон арқылы хабарласқан ауылдың белсенді азаматы Руслан Ибатов.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы