Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында cамбо күресінен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт ардагері Нұрлан Қауметовтің жүлдесіне арналған қазақ күресінен 2009-2011 жылғы туған жасөспірімдер арасында облыстық турнирі өтті.
Жыл сайын өтетін аталмыш жарыстың тізгінін ұстаған Қазақ күресінің Батыс Қазақстан облысындағы бас бапкері, Нұрлан Қажиақпарұлының төл шәкірті Асқар Нұрғалиев осы жарыстың бас төрешісі атанды.
Облыстық турнирдің көркін қыздырған жас палуандардың айтулы жарысы жоғары деңгейде өтті. Оны қызықтаған күрес жанкүйерлерінің де делебелері қозып, залдың ішін қиқуға бөледі.
Қазақ күресінің үлкен додалардағы болашақ чемпиондарына жол ашқан облыстық жарыстың жүлдегерлері мен жеңімпаздары былайша анықталды. 23 келіде Шыңғыс Амангелді (Жаңақала), 26 келіде Ербақыт Батырғали (Көктерек), 29 келіде Ұзақбай Нұрхан (Қайыңды), 32 келіде Жандәулет Мұрат (Қайыңды), 35 келіде Ақтілек Насиболла (Орал), 38 келіде Асқар Нұрасыл (Орал), 42 келіде Дінасыл Есет (Жалпақтал), 46 келіде Ибраһим Қуанышұлы (Жаңақала), Асанәлі Абайұлы (Жаңақала), +50 келіде Ерсұлтан Сатқан (Жалпақтал) І орынға ие болды.
Қыдыр Харесұлы
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер