23.02.2025, 11:00
Оқылды: 145

Жалпақталдық ардагер құрылысшы 75 жасқа толу құрметіне орай волейболдан аудандық ашық турнир өтті

Саналы ғұмырын ел экономикасының дамуына арнап, ауыл-елдің көркеюіне мейлінше үлес қосқан Жалпақтал ауылының сыйлы азаматы  Болат Мусағалиев 75 жасқа шығып отыр.

IMG_4289

Адал еңбек — ер атандыратынын жасынан сезініп өскен Болат Өтебайұлы қандай жұмыс атқарса да еш жатырқамай бар жақсылығын туған жеріне арнады.
Қазіргі таңда аудан көлеміндегі бірнеше ауылдарда бой көтерген сәулетті ғимараттардың ел игілігіне қызмет етуінде Болат ағамыздың қолтаңбасы айшықталып, назар салған адамның көзіне бірден түседі. Ауыл тұрмысын жақсартып, оның көркеюіне сүбелі үлес қосқан құрылысшы ағамыздың еселі еңбегін ауылдастары қашанда жоғары бағалап, өзін құрмет тұтудан жалыққан емес.

IMG_4255
Міне, соның айқын дәлеліндей 2025 жылдың 21-22 ақпан күні Жалпақтал ауылында ардагер құрылысшы Болат Өтебайұлының 75 жасқа толу құрметіне орай волейболдан аудандық ашық турнир ұйымдастырылып, жарыстың ашылу салтанатына Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов және облыс орталығы Орал қаласынан көптеген шақырулы қонақтар мен Болат Өтебайұлының құрдастары қатысып, мерейтой иесін құттықтап, арнайы марапаттар мен кәде сыйлар табыстады.

photo-output
Мусағалиев Болат Өтебайұлы 1950 жылы 23 ақпанда Жалпақтал ауданы, Талдыапан ауылдық округінің Сарықұдық елді мекенінде дүниеге келді. 1967 жылы Жалпақтал ауылынан орта мектепті аяқтап, 1968 жылы Казсельхозтехника мекемесінде слесарь болып еңбек жолын бастады. Ол 1975 жылы Жалпақтал ауданындағы №805 ПМК мекемесінде құрылысшы, тас қалаушы, бригадир болып, аудан көлемінде көптеген тұрғын үйлер мен мектеп, балабақша тағы да басқа маңызды ғимараттар салды. 1984-1987 жылдар аралығында Орал құрылыс техникумын аяқтап, 1988 жылы автобаза мекемесінде прораб болып еңбек етті.
Ал 1990 жылы Болат Өтебайұлы «Қолғанат» жеке құрылыс кооперативін ашып, 1997 жылға дейін Жалпақтал ауылына бірнеше тұрғын үйлер салып, мекеме ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Болат Өтебайұлы 2002 жылы «Қазстрой» жауапкешілігі шектеулі серіктестігін құрып, сол серітестік арқылы аудан көлемінде көптеген мектеп ғимараттары мен Мәдениет үйлеріне, елді мекендердегі медициналық орталықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше ауылдарға тұрғын үйлер тұрғызды. 2011 жылы Жалпақтал ауылы тұрғындарының игілігі жолында үш жүз орындық заманауи «Алаша» мейрамханасын салып, пайдалануға берді.
Жемісті еңбек еткен жылдарында Болат Өтебайұлы 60-70 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Оның еселі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Болат ағамыз «Құрылыс саласының үздігі» және «Тәуелсіздіктің 20, 30 жылдық мерекелік медалдарын кеудесіне тағып, түрлі Алғыс хаттармен марапатталды.

photo-output
2013 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан абзал ағамыз отбасында Сәуле жеңгей екеуі 7 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі таңда немере-жиендердің ортасында ұрпақ қызығына бөленуде.

IMG_4219
Ауданымыздың экономикасы мен мәдениетін көтеруге өз үлесін қосқан, құрлыс саласының ардагері, Болат Өтебайұлы ағамыздың 75 жасқа толған мерей тойына орай өткізілген волейбол жарысына Ақтөбе облысынан Хромтау қаласы, Орал қаласы, Бөрлі, Теректі, Ақжайық, Тасқала, Казталов аудандары мен «СПК Қабатов», «СПК Атамекен», Жалпақтал-1, Жалпақтал-2, Жалпақтал-3 командалары қатысып, өз бақтарын сынады.

IMG_4300

Жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өте тартысты өткен айтулы жарыстың нәтижесінде Жалпақтал командасы ІІІ орын, Ақтөбе облысы, Хромтау командасы ІІ орын, Бөрлі ауданы командасы І орынды жеңіп алып жарыстың жеңімпаз, жүлдегерлері атанды. Сол сияқты осы жарыстың үздіктер қатарын толықтырған Асылжан Серіков (Жалпақтал) «Ең үздік тосқауылшы», Әсет Хайруллин (Бөрлі) «Ең үздік байланыстырушы», Мансұр Ізбасаров (Орал) «Ең үздік шабуылшы», Арсен Шартенов (Бөрлі) «Ең үздік доп қосушы», Анарбек Таңбай (Хромтау) «Ең үздік ойыншы», Әлішер Тельманов (Хромтау) «Ең үздік қорғаушы» атанып арнайы марапаттарға ие болды.

Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале