Жуырда WhatsApp мессенджерінің белсенді қолданушысы, К.Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлбарам Елтайқызының жазбалары арқылы аталған білім ордасының алдындағы «Ана мен бала» және «Маша мен аюдың» мүсіндерін байқадық. Мүсіндердің авторлары да әр жыл сайын қыс мезгілінде осындай ерекше туындыларымен балаларды қуанышқа бөлеп жүргенінен хабардар болдық.
– Жыл сайын мектебіміздің алдында осындай көзтартарлық мүсіндер жасалады. Бұл бастаманың басында Нұрлан Рахимов және Салауат Төлеуғалиев есімді Жалпақтал ауылының азаматтары тұр. Екі азамат та Кенжебек Меңдәлиев атындағы ЖОББМ-де қызмет атқарады. Ерекше өнерді хоббиіне, яғни сүйікті ісіне айналдырған азаматтардың өнері балаларды ғана емес, ауыл тұрғындарын да тәнті етуде. Бір ерекшелігі екі азамат та қарапайым еңбек адамдары. Мүсін жасау өнері төзімділік пен сабырлықты, ептілікті қажет етеді. Ал қарапайым жандардың күрделі туындыға білек сыбана кірісуі ерлікпен тең дүние деп есептеймін, - деді мектеп мұғалімі.
Өнерге жаны құштар қарапайым азаматтардың бұл игі бастамалары көпшілікке ой салса керек-ті. Мәселен, мүсіндерге зер салған адам ата-ананың баламен қарым-қатынасы, қоғамның өнерге көзқарасы сынды дүниелерді ойға алары сөзсіз.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы