11.12.2018, 11:50
Оқылды: 27

Жалпақталдық қос қарияға құрмет көрсетілді

Қазталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин, Жалпақтал полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Дастан Искалиев Ұлы Отан соғысының ардагері, Жұбат Сәрсембиевтің, тыл ардагері, ұзақ жыл жол саласында абыройлы қызмет атқарған, «Құрметті жолшы» Мұса Төреғалиевтың шаңырағында болды.

 jalpaqtal (5)

Жұбат ақсақал сұрапыл майданда оқ пен оттың ортасында жүріп, елге аман-есен оралғаннан кейін бейбіт заманда өңірдің өркендеуі үшін еселі еңбек етті. Ал Мұса Төреғалиев еңбек майданында қызмет атқарып, жол салуда тер төкті. Абыройлы еңбек атқарып, еңбегінің жемісін көріп, «Құрметті жолшы» атанды. Елге сыйлы, өмірі өнегелі қос ақсақалды Тәуелсіздік қарсаңында арнайы құттықтап, ақ батасын алды.

-Сіздердің жанқиярлық ерлігіңіз бен елдің еңсесін көтерудегі еңбегіңіз – баршаға үлгі. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болғай,-деді Самиғолла Ақмурзин.

Қос ақсақал арнайы құттықтап келген ауыл әкіміне, бөлім басшыларына шексіз ризашылықтарын білдірді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале