Жалпақтал ауылындағы Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 2007 жылғы түлегі, волейболшы Петр Чурзинге жақында ғана «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілгендігі жөнінде сүйінші хабар келіп жетті.
- Петр Александрұлы Чурзин мектебіміздің мақтан тұтар түлегі. Ол волейболмен 4 сыныптан бастап айналасты. Волейбол ойынын мектептте жүріп-ақ шебер меңгерген Петр, оқушы кезінен бастап БҚО командасының ойыншысы болып, бірнеше рет республикалық, халықаралық жарыстарының жүлдегері атанып жүрді. Мектепті бітірісімен «Конденсат» волейбол клубының ойыншысы болып, сол командамен бірге бірнеше жарыстардың жеңімпазы атанды. Одан кейін Петр баламыз «Атырау», «Манғыстау», «Шымкент-Динамо», «Жайық» командаларының ойыншысы болған еді. Бүгінде ол «Атырау» волейбол клубының ойыншысы. Үш дүркін ҚР чемпионы, ҚР Кубогі және супер Кубогінің жеңімпазы. Кейін Азия Кубогінің жеңімпазы, күміс жүлдегері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы және клубаралық командалар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, - дейді сүйінші хабарды бөліскен Петрдің алғашқы бапкері, дене шыңықтыру және спорт маманы, жоғарғы санатты ұстаз, волейболдан ҚР ұлттық дәрежедегі төреші Тимур Искалиев.
Осы жерде Тимур Бақтығалиұлының 28 жылдық еңбек өтілі ішінде алақандай ауылда тұрып, халықаралық дәрежедегі бір спорт шебері мен бес спорт шеберлігіне үміткер спортшы дайындағанын мақтанышпен айта кеткенді жөн көрдік.
Елі сүйсінер әртүрлі ірі жарыстарда топ жарып, ауданымыздың намысын қорғап жүрген Петр Александрұлы Чурзин баламызға қол жеткізген үлкен атағы құтты болсын, алда да биіктерден көріне берсін деген жерлестерінің ыстық тілегін жолдаймыз.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz