Жүрегінде туған жеріне деген мәңгілік өшпейтін оты бар әр перзенттің патриоттық сезімі ауылды құрметтеуден басталатыны белгілі. Еліміз бойынша рухани жаңғырудан бастау алатын қағидаттар әрбір түлектің кіндік қаны тамған атамекенін түлетуге үлес қосатыны белгілі. Бұл тұрғыда Қазталов ауданының Жалпақтал ауылында ұзақ жылдан бері қалыпты дәстүрге айналып, өздерінің туған өлкесінің көркеюіне атсалысып жүрген елжанды түлектер қатары жыл санап артып келеді.
Оңтайлы бастамаларын дәстүрге айналдырған әр жылғы түлектер өз қаражаттарымен туған ауылына тарту ретінде көптеген сәулетті нысандарды тұрғызып, оларды туған еліне сыйға тартуды дәстүрге айналдырып отыр. Түлектердің осындай бастамаларын мақтанышпен айтар болсақ, олар күні бүгінге дейін ауылдық Мәдениет үйінің алдындағы демалыс алаңы мен субұрқақ, орталық мешіттің қос мұнарасы, бүлдіршін балаларға арналған ойын алаңдары мен футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш тақталары мен «Менің жүрегім – Жалпақтал» атты жарық диодты тақта, ауылға кіреберіс жолға «Жалпақтал» атауы жазылған конструкциялық белгі, орталық саябаққа 13 «Социалистік Еңбек Ері» мен екі Кеңес Одағы Батырының мүсіні орналасқан «Батырлар аллеясы», «Жастар саябағы» мен «СТРИТ ВОРКАУТ» жаттығу спорт алаңы, әлемге танымал жерлес суретшіміз Сәкен Ғұмаровқа арналған айтулы ескерткіш, қайта жабдықталған әйгілі «Аспалы көпір», «Жүрек», «Атамекен», «Жалпақтал жағалауы» және ауылды екіге бөліп, қақ ортасымен ағып жатқан Қараөзен (Үлкен өзен) өзенінің үстіне салынған көлік өтетін көпірді түгелдей қайтадан жөндеп, көрікті нысандар мен тынымбақтарды сыйға тартты.
Бұл үрдіс жылда жалғасын тауып келеді. Биыл, 2024 жылы орта мектепті бітіргендеріне 40 жыл толатын 1967 жылы туған перзенттер ауылдың көрікті жеріне балалар ойын алаңы мен «Ратонда» тыным бағын және мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған мектеп түлектері Мәдениет үйі алаңына «Алтын домбыра» атты айтулы композициясын орнатып, туған жеріне тегін тарту етті.
- Біз ауданымыз бойынша білім беру саласында тамыры тереңге салынған, тарихы ғасырларға жететін байырғы оқу орындарының бірі Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебін осыдан 40 жыл бұрын аяқтаған мектеп түлектеріміз. Бізге дейінгі ауылдас аға-әпкелеріміздің патриоттық істерін жалғай отырып, құрдастарымызбен ақылдаса келе ауылдағы балғын бөбектеріміз бен ауыл тұрғындарының мәдени демалысына үлес қосу үшін осы екі нысанды сыйға тартып тұрмыз. Алғашында аздаған толқулар, қиындықтар мен кедергілер болғаны рас. Бірақ, қолға алған ісіміз жүзеге асуы үшін тәуекелден тайынған жоқпыз. Келісіп, кеңесіп жасағасын нысандарымызды санаулы уақыт ішінде ел игілігіне тапсырып үлгердік. Бұл біздің 1984 жылы мектеп бітірген түлектердің туған ауылға жасаған жүрекжарды сыйы. Ондағы атқарылған барлық идеялар мен жұмыстар өзіміздің қолымызбен жүзеге асырылды, - дейді 1984 жылғы мектеп бітіруші түлектер.
Сол сияқты 2004 жылы мектеп бітірген түлектер өздерінің мектеп бітіргендеріне 20 жыл толу құрметіне орай Мәдениет үйі алаңына «Алтын домбыра» композициясын орнатып жерлестеріне қайталанбас сый жасады.
-Біз, Жалпақтал ауылында дәстүр боп қалыптасқан түлектер тартуын сақтай отырып, сол үрдісті келесі толқынға жалғау үшін жоспарлаған ісімізді жүзеге асырдық. Өзге ауылдардай емес, тек қана жалпақталдық түлектердің үрдісіне бұйырып, мақтанышына айналған осынау ісімізді тоқтатпай, кейінгі толқынға жалғағанымызға қуаныштымыз. Сондықтан қазақ халқының ұлттық аспабына баланған «Алтын домбыра» композициясын сыйға тарттық, - дейді мектептің 20 жылдық түлектері.
-Елжанды азаматтар мен азаматшалардың туған жерін көркейтуге атсалысқаны абзал ғой. Біздің басты мақсатымыз да осыған дейінгі жалпақталдық түлектердің игі бастамаларын алға апару еді. Шүкір, ойлаған мақсатымыз барлық құрдастарымыздың қолдауымен ел игілігіне ұсынылды. Сондықтан ауылдастарымыз күткен игі істен қалыс қалмайық деген ұранмен белгілі нысандарды тартумен қатар түлектер тойына арнап спорттық жарыстарды өткізуді де қолға алдық. Биыл түлектердің құрметіне арналып әр жылғы түлектер арасында футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, арқан тартыс жарыстары ұйымдастырылып, барлығы да жоғары дәрежеде өтті, - дейді 2004 жылғы түлектер атынан сөз алған Ержан Мұхамбетов.
Әр жылғы түлектердің жерлестеріне тарту еткен нысандарынының салтанатты ашылу рәсіміне арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Жалпақтал ауылының түлектері өңірімізге ғана емес, бүкіл елімізге де танымал екенін мақтанышпен айта келіп, биылғы айтулы нысандарды сыйға тартқан 1984 және 2004 жылғы Жалпақтал ауылының түлектеріне аудан тұрғындары атынан өз алғысын жеткізді.
Болашақта үлгі тұтар үрдіске айналған түлектер тартуы толастамай, Жалпақтал ауылы жыл сайын жайнай берсін!
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы