Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін бітіріп келген үш дәрігер "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен Казталов ауданы Жалпақтал ауылындағы ауруханаға орналасты. Жас мамандардың қатары мұнымен тоқтап қалмайды. Жақында тағы да екі дәрігер осы ауруханада қызмет жолын бастайтын болады.
-Ауылымыздың ауруханасы, шүкір, жас мамандармен толығып, дәрігерлер қатары көбейіп келеді. Бүгін келіп отырған үш маманымыз да өз ауданымыздың түлектері. Аудан, ауыл басшыларымен келісе отырып, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы шеңберінде баспана мәселесін де шешіп отырмыз. Ауылдық жерге дәрігер мамандардың жетіспеушілігі әуелден айтылып келе жатқан үлкен мәселе еді ғой. Сол олқылығымыздың орнын бүгін толтырғандай болып қуанып отырмыз. Жас мамандардың жұмысына сәттілік тілеймін,- дейді Жалпақтал ауруханасының директоры Алмас Жүнісбеков.
Иә, жас дәрігерлердің көңіл күйлері жақсы. Жұмысқа деген ынта-жігерлерінен де батылдық байқалады.
-Біздерді жас маман демей, жылы шыраймен қарсы алған Жалпақтал ауруханасының ұжымы мен оның білікті басшысы Алмас Тоғайбайұлына алғысымыз шексіз. Жергілікті әкімдік те жағдайымызды жасап, баспана беріп жатыр. Бәріне де ризамыз,- дейді жас дәрігер Жазира Азанқызы.
Мамандығын Жалпақтал ауылынан бастағалы тұрған жас дәрігерлердің негізгі мамандықтары педиатр, терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігер екен.
Ауыл медицинасын жақсартуға үлес қосамын деп батыл жігермен ауылға келген дәрігерлерге ел риза.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz