19.09.2024, 17:30
Оқылды: 114

«Жалпыұлттық диалогтың тағы бір дәлелі» – Ербол Мангуров

Ақжайық ауданы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Ербол Мангуров референдумды өткізу жөнінде сұрақтарға жауап берді.

F70D3501-C0D3-49CB-AD95-A159000D65ED

– Алдағы 6 қазанда өткізілетін республикалық референдумға байланысты елдегі тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындауда. Жауапты қызметіңізде біраз тәжірибеге ие болғаныңыз кәміл. Соңғы жылдары мемлекет тағдырына қатысты негізгі шешімдерді қабылдауда бұқараның мүддесін ескеру нақты күшейді. Жұртымызға мұның әсері жайында не айтар едіңіз?

– 2019 жылдан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске қосылғаны мәлім. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды жоюға ұмтылыс, бүкіл құзірет бір қолда болатын басқару жүйесінен құтылу бағыты халқымызды дүр сілкіндірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың олигополия мен непотизмге қарсы іс-қимыл бағдары бекем, мұны әлеуметтің өзі көріп, біліп, айтып жүр. 2022 жылғы 5 маусымдағы референдуммен азаматтар құқықтары мен бостандықтарына кепілдікті нықтаған конституциялық реформа өркенді өзгерістер бастауының жаңа тарихын жазуда. Ағайын мемлекеттік басқару ісіндегі өз рөлін арттыруда сайлау үдерісінің ерекше, ұтымды болатынына да көзі жете түсті. Айталық, 2023 жылы Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының жаңа ереже бойынша сайлануы азаматтардың конституциялық құқығын мүлтіксіз сақтауға зор бетбұрыс болғаны да анық. Олар өз даусының маңызды екеніне, сайлауды керек қылмайтын заман артта қалғанын өте жақсы біледі, сезеді деп айта аламын. Ауыл әкімдерін сайлаудың өзі-ақ қоғамдық өмірімізге еркіндік сипат бергенін күн сайын дерлік бәріміз көріп жүрміз десек, еш артық емес.

Құқықтық мемлекет қағидаттарының, әкімшілік әділеттің барған сайын іске асырылуы жұртымызды Жаңа Қазақстан құру идеясына топтастыра түсетіні шүбәсіз. Біз, тиісті комиссия, өз кезегімізде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға, сайлау үдерісінің ашықтығын, айқындылығын жүзеге асыруға байланысты міндет-мұраттарымызды әманда адал атқаруға ұмтылып келеміз. Заң, реттілік, мүдделілік, тәртіп биік тұруға тиіс дәуірдеміз.

– Айтқандайын, өткен жазда референдум заңнамасына өзгерістер енгізілді. Осыны бір түйіндеп берсеңіз.

– Бұл, әрине, аяқ астынан емес, терең пысықтап, салмақтаудың арқасында мүмкін болды. 2022 жылғы референдумды ұйымдастырып, өткізу тәжірибесі, сарапшылардың ұсыныстары жан-жақты ескерілді. Әлемдік ең озық тәжірибелер, яғни сайлау стандарттары, азаматтық құқықтарды, бостандықты құрметтеудің ең жақсы үлгілері де ескеріліп, республикалық референдум туралы конституциялық заңымыз жаңартылған конституциялық сайлау туралы заңнамаға толық үйлесті. Ұлттық және халықаралық байқаушылардың, шетелдік БАҚ өкілдерінің де құқықтары, міндеттері бекітіліп, референдумды әзірлеу мен өткізу барысын көрсету тәртібі айқындалды. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында референдум комиссияларының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану мәселелері реттелді. Осының бәрі, сайып келгенде, дауыс берушілердің өз еркін білдіруіне барлық жағдай жасалуына кепіл екені сөзсіз. Референдум үдерісіне қатысушыларды электоралдық оқыту, науқанды ақпараттық сүйемелдеу жөнінде көптеген мәселе айқындала түсті.

– Ауданымызда 48 учаскелік референдум комиссиялары осы аптадан бастап өз жұмысын бастағаны белгілі. Аталмыш комиссиялардың жалпы дайындығы, мүшелердің референдумды ұйымдастыруға қауқары қаншалықты деңгейде?

– Өзіңіз айтып кеткендей, аудан ауыл-елді мекендерінде 48 участок қызметке кірісті. Былтырғы жылдың 23 желтоқсанында аудандық мәслихаттың №12-2 шешіміне сәйкес аумақтық және учаскелік деңгейдегі комиссия мүшелерінің құрамы толығымен жаңартылды. Алдағы 5 жылда сайлау науқанын ұйымдастыратын бұл мүшелер түрлі саяси партиялардың ұсынысы негізінде сайланғанын ерекше атап өткім келеді. Атап айтсақ, «AMANAT» партиясы, «Ауыл» партиясы, «Respublica» партиясы, Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партияларынан.

Учаскелер түгел қажет материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылған. Қазіргі таңда тұрғындарға референдумның маңызын, таңдаудың өздеріне ұсынылғанын ұғындыратын ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Комиссия мүшелеріне арналып, маңызды науқан қарсаңында арнайы заңнамалар бойынша оқыту курстары ұйымдастырылып, олардың білім-біліктері шыңдалды. Оқыту мұнымен шектеліп қалмайды, 3 қазанға дейін жоспарланған бірнеше курстар бар. Қазіргі таңда оларға учаске бойынша дауыс беретіндердің тізімі берілді. Олар осы тізімді нақтылау жұмыстарын қолға алды.

– Дауыс берушілердің есіне салар жайттар бар ма?

– Әрине. Сағат 7.00-де басталып, 20.00-де мәреленетін дауыс беруге қатысушылар өздерінің тиісті тізімде бар-жоғын білуі және дауыс беру учаскесінің орналасқан жерін білуге мүмкіндік алу үшін онлайн сервистер мен интернет-ресурстарды қолдану практикасының кеңейтіле түсуі, әлбетте, көпшіліктің көңілінен шығуда. Мүгедектігі бар жандарға, қашанғыдай, дауыс беруіне жағдай жасау да назардан түспейді. Егер азамат болу орнын ауыстырса, дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі арқылы ие болады. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен (ауылдық округ) шегіндегі референдумның басқа учаскесінде дауыс беруге берілмейді. Ал азаматтың тұрақты тіркеуі болмаса, жергілікті атқарушы органға жүгінуі керек. Сөйтіп, дауыс беруге тіркеледі. Референдумның алдыңғы күні (үнсіздік күні) және өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале