13.07.2022, 10:00
Оқылды: 20

«Жалынмен арпалысқаннан, алдын алған оңай»

Егін – еңбектің жемісі, шөп – Алланың берген несібесі. Алланың бергені екен деп рәсуа етуге әсте болмайды. Шабындықты игеру, жайылымды тоздырмау, ең басты жау – өрттен сақтау – әркімнің міндеті.

IMG-20220712-WA0131

Техникалық қауіпсіздікке қырын қарау дала үшін де, адам үшін де қауіпті. Осы қатердің алдын алу мақсатында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен төтенше жағдайлар және полиция бөлімі қызметкерлері жаз басталысымен округте ауылшаруашылық техникаларын байқаудан өткізіп жатыр.

Қорытындысында 709 ауыл шаруашылығы техникасының 240 данасы ғана, яғни 33,9 % -ы жарамды болып танылғанын алдында ғана жаздық.

Рейд әлі жалғасуда. Сырым аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Арман Қыдырсиховтың айтуынша, жазғы далалық жұмыстарға ақау-қателіктерін жетілдірмей кіріскені үшін Талдыбұлақ ауылдық округі бойынша 5 техниканың иесіне айыппұл салынған. Бұлдырты ауылдық округінде де 5 механизатор жұмыс кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін айыппұл төлейтін болды.

- Мақсат айыппұл салу емес. Өрт  біріншіден – адам өмірі үшін қауіпті. Шабындықты не жайылымды отқа орап алу да шаруаларға оңай соқпайды. Соны түсіне тұра, өрт қауіпсіздігі шараларына шала қарайды.

Әр механизатордың жалынды өшіретін құрал-жабдығы, күрегі, киізі, өрт сөндіруге арналған сұйықтық, су дайын тұруы керек. Себебі апат айтып келмейді.

Біздің байқағанымыз, округтерде техбайқаудан өтпеген техникалар әлі бар. Біреуінің майы ағып жүр. Кейбір тракторлардың мемлекеттік номері де жоқ. Былтыр 3-4 өрт оқиғасы техниканың себебінен болды. Жалынмен арпалысқаннан, алдын алған оңай, - дейді төтеншелік Арман Қыдырсихов.

Далалық жұмыстардың бүгінгі бояуы осындай. Пішеншілер мен диқандар қосына әлі де барамыз.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале