22.03.2023, 20:23
Оқылды: 102

Жамбыл көшесінің тұрғындары жиналып Наурызды тойлады

Ақсай қаласының Жамбыл көшесінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын атап өтті. Тұрғындар көшенің бас жағында киіз үй құрып, қазан-ошақ орнатқан. Жамбыл, Қазақстан және Комсомол көшесі тұрғындары мерекені дүркіретіп тойлады. Киіз үйді көріп, жиналған қауымның да қарасы қалың.

Жамбыл5

Жамбыл3

Жамбыл1

Жамбыл көшесі тұрғындары былтырғы жылдан бері әр мерекені бірге атап өтіп жүр екен. Көшенің үлкендері Наурызды атап өтейік дегенде, жастар бірден қолдап келіскен. Үлкендеріміз шашу шашып, жиналғандардың бәрін киіз үйге кіргізді. Дастархан жайып, келген кісілерге наурыз көже мен бауырсақтардан дәм татқызды. Жиналған қауымға ыстық тағам да берілді. Үлкендер ақ тілектерін айтып, баталарын берді.

Жамбыл7

-Барша қазақ халқын келіп жеткен Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ақ мол болсын. Қазақстанымыз көркейе берсін. Біз көршілер болып былтырғы жылдан бері әр мереке сайын осылай жиналып жүрміз. Ақылдаса келе осылай жиналып, бірге атап өтейік деп шештік. Біздің ойымызды құптап, сөзімізді жерге қалдырмай ұйымдастырған жастарға алғыс айтамын. Өзіміз бәрін істейміз, сіздер қонақ болыңыздар деп, дастарқан жайған көшеміздің келіндеріне де рахмет. Жастарымыз кешеден бері киіз құрып, қазан-ошақтың айналасында жүр, - дейді Жамбыл көшесінің тұрғыны Гүлсая Бабагужиева.

Жамбыл2

Сонымен қатар асық ату, арқан тарту, қанталапай ойындары ойналды.  Үлкен-кіші, жас балақайлардың бәрі жарысты. Көшеден өтіп бара жатқандардың бәрі де киіз үйге кіріп, наурыз көжеден дәм татты.

Жамбыл6

Үлкен-кішісіне дейін керемет көңілмен мерекені тойлады. Көше тұрғындары бірінен соң бірі мерекемен құттықтап, еліміздің тыныштығын тіледі.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале