1986 жылдың желтоқсаны. Бұл қазақ елінің тарихында тәуелсіздікке, егемендікке жол салған жастар көтерілісі болып жазылып қалған ай еді. Жастардың бұл шеруін сол кездегі советтік басылымдар «зиянды, теріс әрекет», «ұлтшылдықтың көрінісі» және «жаппай тәртіпсіздік» ретінде айғайлата көрсеткенімен, оның сыртында ата-баба армандап кеткен тәуелсіздікті аңсау мен әр ұлттың құқығының қорғалуын талап еткен жастардың бұлқынысы жатты. Елге еңбегі сіңген Д.Қонаевтай қайталанбас тұлғаның орнына елімізге-жерімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын белгісіз біреуді басшылыққа әкелген советтік саясатқа деген түбегейлі қарсылық білдірілген бейбіт шеру еді. Қазақ жастарынан мұндай өршілдік күтпеген советтік жүйе бейбіт шеруді басу үшін қарусыз жастарға қарсы шығып, күшпен басты, аямай ұрып-соқты, айтақтап ит қосты, ыссы-салқын сумен атқылады, күрекпен бастарын жарып, жас жандарына жазылмас жара салды, қала сыртына апарып көліктермен төңкеріп жатты...
Сол желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар нағыз батырлар екенін жүйе мойындағысы келмегінімен, тарих түбі мойындатты. Осындай белгісіз батыр Шыңғырлау ауданында да күні кешеге дейін өмір сүріп келген-ді. Аудандық газеттің тілшісі болып жұмыс жасаған кезінде Самат Байболат желтоқсаншы Күлдархан Желеубайқызы туралы естіп, іздеп барып, көлемді мақала жазбағанда, көпшілік ол туралы әлі де білмес еді. Сол 86-шы жылы Алматы қаласында наубайханада жұмыс жасаған Күлдария қасындағы құрбыларымен алаңға барып, небір қорлық-сұмдықты, суша аққан қанды, жарылған бас, жұлынған шашты өз көзімен көрген. Өзі де бір топ жастармен қала сыртына шығарылып, қазулы шұңқырға мәшине астауымен аударылып, лақтырыла салған екен. Тас қараңғы түнде, жаяу-жалпылап, зақым алған жолдастарын жалғыз тастамай бір топ жас Алматыға тоңып-шашырап таңғы 5-те жетіпті. Сол күні алған жарақатының ізі кеткенімен жүректегі жарасы жазылмады. Оның қатты бір налып, санасында күні бүгінге дейін жаңғырып тұратыны «неге? неге?» деп сұрақ қалдырған сәттер - өз қандастарының айтаққа еріп, ақшаға сатылып, қолдарына таяқ ұстап, өршелене жастарға ұмтылуы, тепкінің астына алып, қыздарды шырқыратып сүйрегені еді.
Күлдархан басты қонақ болып шақырылған аудандық мектептен тыс жұмыс орталығында ұйымдастырылған «Салиқалы сұхбат» атты кездесу сағатында бұл жәйттер кеңінен әңгіме болып, желтоқсаншыл батыр өз естеліктерімен осылайша бөліскен еді.
Шын мәнісінде, Күлдархан Желеубайқызының әңгімесін тебіренбей тыңдау, адами сезімге берілмеу мүмкін емес. Қаншама өрімдей жастың өміріне, тағдырына балта шапқан советтік жүйенің солақай саясатының зардабын тартқандардың көбі әлі де ақталып, тиісінше құрметтелмей келеді. Күлдархан Желеубайқызын да тәуелсіздікке жол салған алғашқы қарлығаштың бірі болды десек артық айтқандық емес. Бұл жанға да орнымен құрмет көрсетіліп, «желтоқсаншы» деген атаққа іліндіру, белгілі бір ресми құжаттарға қолжеткізуге атсалысу бүгінгі басты міндет секілді.
Маңызды кеш барысында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының 5-курсында оқып, сол күндердегі оқиғалар барысы, жастарды қудалау мен кемсітудің қаншалықты ауыр салмақ болғандығын тілге тиек еткен аудандық «Серпін» газетінің жауапты хатшысы Гүлшат Ботанованың да естеліктеріне құлақ түрілді. Қаршыға Елемесов тәуелсіздік туралы өлеңін оқып, қатысушыларды тебірентті. Кездесу соңы аудандық оқу бөлімінің басшысы Қуаныш Есеновтің Күлдархан Желеубайқызына алғысхат және сый-сияпат жасауымен өз мәресіне жетті.
Жас ұрпақты өз елінің, туған жерінің нағыз иесі, тілі мен дінін алға апарушы, өткенді таразылап, бүгінгі барымызды бағалауға үндеп, осы кешті ұйымдастыруға мұрындық болған мекеме басшысы Самат Сергейұлына жұртшылық разы болып тарқасты.
«... Қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпаны басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз...,-деп Қазыбек би айтып кеткендей, бүкіл әлемге «қазақ» деген халықтың биік рухын, ұлттық намысын, өр болмысын мойындатқан қаһарман ұл-қыздарымыздың ерлігін ешқашан да естен шығармауымыз керек.
Гүлім Шынтас,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz